"Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев төтенше жағдай кезінде жеке басының жарнамасын жасап, желіден түспейтін әріптестеріне үн қатты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Перуашевтің пікірінше, су тасқыны кезінде қоғам қандай да бір бөлімдерге яки партияларға бөлінбей, керісінше бір жұдырыққа жұмылуы қажет.
Сонымен қатар партия мүшелері гуманитарлық көмекті жөнелтпес бұрын алдымен аймақтардың қажеттіліктерін нақтылап алуға кеңес берді.
Мәселен, Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су тасқыны және Қостанай облысында өрт болған жағдайда тұрғындар гигиеналық құралдарға, дәрі-дәрмек пен резеңке етікке мұқтаж болған.
"Бұл пікірді Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан филиалдары растады. Сондай-ақ олар дәл қазір резеңке қайықтар, етіктер, генераторлар қажет болса, алдағы аптада құрылыс материалдары, мал шаруашылығы мен дәнді-дақылдардың тұқым қорын қалпына келтіру, дезинфекциялық құралдар қажет болатынын атап өтті", - деді Перуашев.
Еске салайық, соңғы күндері Қазақстанда су тасқыны салдарынан үйлер мен әлеуметтік нысандар су астында қалып, жергілікті тұрғындар айтарлықтай қолайсыздыққа тап болды. Халық апатты аймақтардан әлі де эвакуацияланып жатыр.
Осы тұста мәжіліс спикері Ерлан Қошанов су тасқыны кезінде кейбір депутаттар өңірлерді аралап, халықпен бірге болғанын атап өткен еді.
Мәжіліс отырысында депутат, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайытов Ерлан Қошановқа күн тәртібі бойынша қоятын бір сұрағы бар екенін жеткізді.
"Елде болып жатқан үлкен апат бойынша талқылау бола ма?", - деп сұрады ол.
Өз кезегінде Ерлан Қошанов су тасқыны кезінде бірқатар депутат өңірлерді аралап, халықтың жанында болғанын алға тартты. Айтуынша, бұл жұмыс әлі де жалғасын табады.
"Нақты көмек көрсетіліп жатыр. Менің ойымша, осы жерде отырып әңгіме айту емес, осындай жұмыс керек. Сондықтан жалпы отырыс аяқталған соң тағы бір топ депутат су тасқыны болып жатқан өңірлерге шығады. Халықпен бірге болады", - деді Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар ол төтенше жағдайға байланысты көтеретін мәселелері болса, депутаттық сауал арқылы жолдауға болатынын айтты.