Перизат Қайрат ісі бойынша тәркіленген Lexus LX 600 көлігі арнайы мемлекеттік органдардың қарауына берілген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Informburo редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Мемлекеттік нөмірі 100PKO01 болатын қара түсті жол талғамайтын көлік 2025 жылдың күзінде мемлекет меншігіне өткен. Көлік Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваның ағасының атына тіркелген. Автокөліктің бағалау құны – 79,1 млн теңгеден асады.
Бұған дейін, сәуір айында Астанадағы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті көлік Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) балансында тұрғанын хабарлаған еді. Ведомство мәліметінше, Lexus агенттікке 2025 жылғы 1 желтоқсанда берілген.
Алайда кейін ҚМА бұл көліктің өз балансында жоқ екенін мәлімдеген. Осыдан кейін редакция Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне ресми сауал жолдап, қымбат жол талғамайтын көліктің нақты қайда екенін анықтауға тырысқан.
Комитеттің жауабына сәйкес, көлік бастапқыда шынымен ҚМА балансына бекітілген. Бірақ кейін арнайы мемлекеттік органдардың қарауына тапсырылған. Олардың қатарында:
– ұлттық қауіпсіздік органдары;
– сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган;
– Мемлекеттік күзет қызметі бар.
Дегенмен көліктің нақты қай органның пайдалануына берілгені жарияланбады.
Комитет мұны «Мемлекеттік құпиялар туралы» заң талаптарымен түсіндірді.
"Заңның 14-бабына сәйкес, барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру және өзге де қызмет салаларына қатысты мәліметтер мемлекеттік құпия саналады. Осыған байланысты көліктің нақты баланс ұстаушысы туралы ақпарат жария етілмейді", – делінген ресми жауапта.
Еске салайық, Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.