Павлодар облысында вейптерді заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топ мүшесінің қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алған автокөлігі сот шешімімен тәркіленді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Павлодар облысы прокуратурасының өтінішхаты бойынша сот құны 12,3 млн теңге болатын «KIA» маркалы автокөлікті сотқа дейін тәркілеу туралы шешім қабылдады.
2025 жылы өңірде электрондық тұтыну жүйелерін, яғни вейптерді заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылған. Қазіргі уақытта топ мүшелеріне қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.
Күдіктілердің бірі қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланған.
Тергеу барысында оның заңсыз жолмен тапқан қаражатына «KIA» автокөлігін сатып алғаны анықталды. Прокурордың өтінішхатын қараған сот аталған көлікті қылмыстық жолмен алынған мүлік ретінде тәркіледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Қазақстанда вейптерді заңсыз айналымға шығаруға байланысты жауапкершілік күшейтілген. Бас прокуратураның мәліметінше, вейптерді ел аумағына әкелудің өзі, оның санына қарамастан, қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.