Облыста тәулік бойы коронавирустық инфекция мәселелері бойынша жедел штаб жұмыс істейді. Өңір тұрғындары мен қонақтары 8(7182)67-52-08, сондай-ақ жедел жәрдем станциясының 103 желісіне және бірыңғай республикалық 1406 нөміріне хабарласа алады.
– Біздің 544 медицина қызметкері коронавирусты инфекцияның алдын алу, диагностикалау және емдеу бойынша оқытылды, – деп мәлімдеді Павлодар облысы әкімінің орынбасары. – Өңірде коронавирустық инфекция жағдайына 845 төсек-орын бар. Күн сайын басқа елдерден келген азаматтарға мониторинг жүргізіледі. Қазіргі уақытта 112 адам бақылануда. Оның ішінде стационар жағдайында медициналық бақылауда 12 адам, үй карантинінде – 25 адам, қоңырау шалу бойынша бақылауда – 75 адам. Бұл адамдармен байланыста болғандарға вирусологиялық зерттеулер жүргізілді, барлығының нәтижесі теріс.
Облыста санитарлық дезинфекциялық режим күшейтілген. Медициналық ұйымдарда дәрілік препараттар мен жеке қорғану құралдарының қажетті қоры бар екені де айтылды. Барлық емдеу және медициналық-әлеуметтік мекемелер карантинге ауыстырылды. Емделушілерге келуге рұқсат жоқ.
– Барлық 394 мектепке дейінгі ұйым штаттық режимде жұмыс істейді, бұл ретте балаларға еркін бару қамтамасыз етіледі, – деп хабарлады Асхат Оралов. – Балабақшаға бара алмайтын балалардың орындары сақталатын болады. Соныме қатар бұл кезеңге ақы алынбайды. Сондықтан баланы үйде қарауға мүмкіндік бар. Балабақшаларда медициналық және санитарлық бақылау күшейтілді.
Павлодар облысында 109 мыңнан астам оқушы демалысқа шықты. Мұғалімдерге келетін болсақ, 11 мың педагог қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырылды. Мектептерде тек мектептің тіршілік әрекетіне жауап беретін әкімшілік пен персонал ғана бар.
– ЖОО мен колледждердің 31 мыңнан астам студенті қашықтықтан білім алуға көшті, – деп атап өтті өңір басшысының орынбасары. – Облыс колледждері 100% ақпараттық білім беру жүйесін енгізді. «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттер үйлеріне қайтты.
Павлодар облысының тұрғындарынан өңірдегі қабылданып жатқан қауіптің алдын алу шараларына түсіністікпен қарау сұралады. Барлық іс-шаралар облыс аумағында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу және болдырмау мақсатында жасалуда. Сонымен қатар, тұрғындар жеке бас гигиенасы мен жеке қорғану шараларын сақтауға шақырылады. Яғни, қолды жиі жуу, үй-жайларды желдету, ылғалды тазалау және адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу қажет.