Павлодар су тасқынына қаншалықты дайын?

Dalanews 11 нау. 2020 03:31 733

Павлодар облысы әкімдігінде су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңес өтті. Обылыс басшысы Әбілқайыр Сқақов қала және аудан әкімдерінен қар шығару жұмыстарын күшейтуді, жолдарда жүру мүмкіндігін қамтамасыз етуді және автожолдар астындағы су өткізгіш құбырларды жедел тазалауды талап етті.

Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша, биылғы жылы қар қоры нормативтен 25%-ға артық. Ведомство бастығы Ернұр Өтегеновтың айтуынша, көршілес облыстардың шекаралас аумақтарындағы қар қоры да қауіп төндіріп тұрғанын алға тартты. Айталық Ақмола облысында ылғал қорының көлемі нормативтерден 70%-ға дейін, Шығыс Қазақстан облысында – 65% -ға дейін асып кеткен. Осыған ұқсас жағдай Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданында да байқалады.

Павлодар облысында қар еру салдарынан 16 елдімекенді су басу қаупі бар. Су қоймаларынан су жіберу нәтижесінде тәуекел аймағына аймақтың 11 елдімекені кіреді. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сәйкес, бүгінде өңірдің елдімекендерінен 736 мың тоннадан астам қар шығарылды.


Қазіргі таңда жұмыстар жалғасын табуда. Метеорологтардың таяу уақытта барлық өңір бойынша күн жылынады деген болжамын ескере отырып, Әбілқайыр Сқақов қысқа мерзімде ауылдар мен қала сыртындағы жолдарды қардан тазартуды тапсырды.

– Әлеуметтік желілерде тұрғындар маған Ақтоғай ауданының ауылдарынан Павлодар қаласына жете алмай отырғандарын жазған. Көліктер Ертіс ауданында кептелуде, – деді өңір басшысы. – Бұл қар тазалау және шығару сапасы мен жұмыс қарқыны жеткіліксіз, адами және техникалық ресурстар жеткіліксіз екенін көрсетеді.  Бұл су тасқыны кезеңінде нақты қауіп төндіреді.


Облыс әкімі автомобиль жолдарындағы су өткізу құрылыстарын тазалау қажеттігіне назар аударды. Бүгінде өңірде бар 1 482 құбырдың үштен бір бөлігі ретке келтірілді. Су өткізу құбырларын тазалау жұмыстарын 20 наурызға дейін аяқтау тапсырылды.

Мүмкін болатын тасқынды жою үшін қалалар мен аудандар әкімдіктері 28 700 дана қап, 10 600 тонна инертті материал, 108 тонна ЖЖМ дайындады. Сонымен қатар, жергілікті орындардағы төтенше жағдай орын алған жағдайда тамақтануды ұйымдастыруға 88 ниет келісімшарты және жарылыс жұмыстарына бес ниет келісімшарты жасалды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар