Freedom Inside '26

Павлодар қаласының полиция қызметкерлері қан өткізу акциясына қатысты

Павлодар қаласының полиция қызметкерлері қан өткізу акциясына қатысты
Павлодар қаласында полиция департаментінің 30 қызметкері «Біз дені сау ұлт үшін» қан өткізу бойынша акцияға қатысты. Іс-шара «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы шеңберінде 16 қарашада болып өтті.

Акцияның ұйымдастырушысы – «ҚР Қызыл Жарты Ай қоғамы» ҚБ Павлодар облыстық филиалы 10 жыл бойы қанды өтеусіз өткізу бойынша акция өткізіп келеді. Биылғы жылдың өзінде Марафон шеңберінде осыған ұқсас 6 іс-шара болып өтті.

«Қан доноры күнінің ұраны – «Қан өткізіңіз, бүлкілдесін әлемде өмір». Дәстүрлі түрде біз іс-шарамызды Павлодар қан орталығымен бірге өткіземіз. Биыл біздің волонтерлер мен донорлар өткізген қан 50 пациентке көмектесті. Бұл ең үлкен марапат әрі қуаныш», - деді «ҚР Қызыл Жарты Ай қоғамы» ҚБ Павлодар облыстық филиалының директоры Гүлнәр Исаканова.

Сонымен бірге акцияға қатысушылар өмірдің қиын жағдайында қалған отбасыларды қолдауға арналған әлеуметтік акцияға қатысты: донорлар түскі асқа арналған ақшалай өтемақыны «Жақсылық сандықшасына» сыйлады. Акцияның соңында осы қаражатқа азық-түлік сатып алынып, Павлодар қаласындағы аз қамтылған 5 отбасыға табысталды.

Еске сала кетсек, Қазақстанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен осы жылдың ақпан айында іске қосылған «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Жыл ішінде елдің 17 өңірінде 15 000-ға тарта іс-шара өткізілді, оған волонтерлер, меценаттар, белсенділер, бизнес өкілдері, мектеп оқушылары, студенттер мен жақсылыққа жаны құмар азаматтар қатысты.