Павлодар педагогикалық университетінің ғалымдары ғылымды табыс көзіне айналдыруда

Ақтоты Жапатова 25 қыр. 2025 13:03

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті ғылыми зерттеулерді табысқа айналдырудың тиімді тетігін тапты. Бұл туралы оқу орнының ректоры Ержан Әмірбекұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Университет құрамындағы Археологиялық зерттеулер институты еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеумен қатар, түрлі жобаларға ғылыми сараптама жасайды. Мәселен, археологиялық жәдігерлерге, жол-құрылыс нысандарына, коммерциялық жобаларға және тарихи құндылықтарға кәсіби қорытынды береді.

"Бұл қызмет түріне тапсырыс берушілер қомақты қаражат төлейді. Бір жобаға бөлінетін уақыт үш айдан бір жылға дейін созылуы мүмкін. Соның нәтижесінде биыл институт ғалымдарының жұмыстарының жалпы көлемі 100 млн теңгеге жуықтады. Бүгінде бір ғалымның орташа айлық табысы 2 млн теңгеден асты", – деді Ержан Әмірбекұлы.

Ректордың айтуынша, университет ғылымды қаржылық тұрғыдан тиімді салаға айналдыру арқылы жас мамандарды ынталандырып, ғылыми ортада бәсекеге қабілеттілікті арттыруды көздейді.

"Қалауын тапса қар жанар" деген, ғылыммен айналысып жақсы табысқа жетуге әбден болады", - деп жазды ректор.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар