Павлодар облысында «Қазавиақұтқару» әуе компаниясына тиесілі Ми-8 АМТ тікұшағы қатты қону кезінде зақымданды. Алдын ала мәлімет бойынша, адам шығыны жоқ, деп хабарлайды dalanews.kz.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, оқиға 24 маусым күні Заря ауылы маңында болған. UP-MI872 борт нөмірлі тікұшақ іздестіру-құтқару тапсырмасын орындап жүрген.
Тікұшақ бортында барлығы 13 адам болған. Оның бесеуі – экипаж мүшесі, сегізі – жолаушы. Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр.
Әуе кемесі «Қазавиақұтқару» АҚ-ның пайдалануында болған. Оқиға адам шығыны жоқ авиациялық оқиға ретінде тіркелді.
Оқиғаның себептерін Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті анықтайды. Тергеушілер оқиға орнында жұмыс бастап, апаттың мән-жайын анықтау үшін қажетті деректерді жинап жатыр.
«Қазавиақұтқару» – Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты ұйым. Ол санитарлық авиация, эвакуация, өрт сөндіру және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізеді. Павлодар облысындағы Ми-8 тікұшағы да дәл осындай іздестіру-құтқару операциясын орындау кезінде апатты жағдайға тап болған.