Павлодар облысының Ақсу қаласында полиция қызметкерлері шамамен 300 келі есірткі тәркіледі, деп хабарлайды Dala News.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қойма қаладағы гараж кооперативтерінің бірінен анықталған. Операцияны ҚАЖ комитетінің №63 мекемесі мен Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бірлесіп жүргізген.
Жедел іс-шаралар барысында өсімдік тектес зат салынған 13 қап тәркіленген. Жалпы салмағы 300 келіге жуық. Барлық заттар сот-химиялық сараптамаға жіберілді.
Тайник тергеу изоляторында отырған адаммен жүргізілген жұмыс барысында анықталған. Оның есірткі айналымына қатысы болуы мүмкін деген мәліметтер операция өткізуге негіз болған.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары есірткі жеткізу арналары мен осы іске қатысы бар барлық тұлғаларды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Материалдар заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті органдарға жолданған.
