Павлодар облысы әкімі Әбілқайыр Сқақов өңірдегі зиялы қауыммен кездесті

Dalanews 12 ақп. 2020 04:50 717

Павлодар облыстық кітапханасында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов өңірдегі зиялы қауым өкілдерінің кездесіп, ой бөлісті.

Павлодар облысының ғылым мен өнеріне сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген мәселелердің басын ашып, шешу жолдарын да ұсынды.

Алдымен ақын, қоғам қайраткер Арман Қани сөз алды. Ақын әкімнің алдағы жұмысына толағай табыстар тіледі. Сондай-ақ, аймақ басшысының әлеуметтік желілер арқылы халықпен етене байланыста болатынына сенім білдірді

– Әлеуметтік желілер үлкен саяси ой-талқы түсетін халықаралық алаңға айналды. Ендігі кезекте өз ойларымды мессенджер арқылы жазып отырамын. Ол жақта да мәселелерді жазып, шешуге атсалысамыз, – дейді Арман Бақтанұлы.


Бұдан бөлек, облыстық жазушылар одағының өкілдері Абайдың 175-жылдығы аясында шаралар бойынша ұсыныстарын енгізді. Бұл ретте облыста Абай Құнанбайұлының ескерткіші орнатылып, іс-шаралар өтпекші. Зиялы қауым өкілдері шаралардың мәні мен рухани маңыздылығына назар аудар керек екенін атап өтті.

Кездесуге қатысқан журналист Сергей Горбуновтың облыстағы басталған көптеген жобалардың болашағы алаңдайтынын білдірді.

– Облысымызда ірі спорт нысандары тұрғызылуда. Мені «Спорт сити» болашағы алаңдатады. Әкім ретінде аталмыш жобалардың іске аяқталуына ат салысасыз деп үміттенемін, – дейді ардагер журналист.


Павлодар мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі Айман Зейнуллина Жүсіпбек Аймауытов өмірге келген ауылдағы жазушының туғандары жерленген қорымның қоршалмағанын тілге тиек етті. Өз кезегінде облыс басшысы бұл мәселе шешімін тапқанын, Баянауыл ауданының әкімдігі қоршауға қажетті құрылыс материалдарын бөлгенін атап өтті.

Биыл Ұлы Жеңістің 75-жылдығы мерекеленеді. Соғыс әкелген қасіреттердің бірі Ертіс ауданындағы Дүйсембиновтар отбасысы. Олардың 7 бірдей баласы майданға аттанып, оралмаған. «Звезда Прииртышья» газетінің бас редакторы қызметін ұзақ жылдар атқарған Юрий Поминов осы оқиғаға назар салу керектігін айтты. Журналистің сөзін Әбілқайыр Сқақов та қолдады. Әкімнің айтуынша, бұл отбасының тарихына назар салып, зерттеу жұмыстарын жүргізген жөн.

Ғылым мен өнер саласында еңбек етіп жүрген белді азаматтардың ұсыныстарын облыс әкімі қолдап, алдағы уақытта тағы да жиналатынын айтты. Бастысы биылғы жылы өтетін мерейтойлардың мәнін арттыруға бірлесе ат салысуға шақырды.

– Биылғы айтулы даталар жастарға тәлім-тәрбие беру жағынан үлкен мәнге ие. Біз облыс бойынша өткізілетін іс-шаралардың тізімін зиялы қауыммен ақылдасып жасадық. Егер де түзетулер енгізу керек болса, айтыңыздар. Сіздердің ұсыныстарыңызға ашықпыз.


Жиынды қорытындылай келе аймақ басшысы кез-келген мәселенің шешімін шығарғанда қоғамның көзқарасына үлкен назар салатынын тағы да атап өтті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар