Қазақстанда үй иелеріне пәтер жалдаушыларды өз бетімен шығаруға шектеу қойылды. Енді мұндай даулар тек сот арқылы шешіледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа конституциялық нормаларға сәйкес, жалға берушілер бұдан былай пәтер жалдаушыларды өздігінен шығара алмайды. Тіпті төлем жасалмаған немесе келісімшарт талаптары бұзылған жағдайда да, мәселе тек сот тәртібімен қаралады.
Бұл туралы ҚР әділет вице-министрі Даниель Ваисов мәлімдеді. Оның түсіндіруінше, жалға беруші мен жалдаушы арасындағы қатынас – азаматтық-құқықтық келісімшарт аясында реттеледі. Сондықтан тараптар арасындағы кез келген дау, соның ішінде төлемеу немесе келісім талаптарын бұзу мәселелері де заң аясында қаралуы тиіс.
“Бұл – жалға алушы мен жалға беруші арасындағы азаматтық-құқықтық шартпен бекітілген қатынастар. Барлық мәселе сол келісімшарт шеңберінде шешіледі”, – деді ол.
