Қазақстанда паспортты онлайн қайта рәсімдеу қызметі биыл іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, нақты мерзім әзірге белгісіз. Барлығы жеке куәлікті онлайн қайта рәсімдеу бойынша пилоттық жобаның нәтижесіне байланысты болмақ.
«Биыл іске қосылмайды деп айта алмаймын. Егер жүйенің дайын екеніне көз жеткізсек, қызметті осы жылдың өзінде іске қосуымыз мүмкін», – деді вице-министр.
Қазір ведомство жеке куәлікті онлайн жаңарту қызметін сынақ режимінде жүргізіп жатыр. Әзірге бұл мүмкіндік құжаттың қолданылу мерзімі аяқталған жағдайда ғана қолжетімді. Коняшкиннің сөзінше, қызмет толық жетілдірілгеннен кейін оны басқа құжаттарға да енгізу жоспарланып отыр. Оның ішінде паспортты онлайн қайта рәсімдеу және жеке куәлікті өзге де жағдайларда жаңарту мүмкіндігі қарастырылуда. Болашақта бұл қызметті құжат жоғалған кезде, тегі өзгерген жағдайда және басқа да себептер бойынша пайдалану мүмкіндігі зерттеліп жатыр.
Вице-министр мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Қазір халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін өтініштердің шамамен 79 пайызын құрайтын ең сұранысқа ие 10 қызметті онлайн форматқа көшіру жұмыстары аяқталуға жақын.
Сонымен қатар шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беру қызметін де онлайн форматқа көшіру мәселесі қарастырылып жатыр.
Бұдан бөлек, тағы 12 мемлекеттік қызмет толықтай цифрлық форматқа ауыстырылмақ. Мұндай жағдайда азаматтар қызметті ХҚКО қызметкері арқылы емес, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында мамандардың кеңесімен рәсімдей алады.