Бүгін «Өзгерістің саруарлары» акселерациялық бағдарламасынан толық өткен 18 әлеуметтік жобаны арнайы сертификаттармен марапаттады. Естеріңізге сала кетейік, жыл басында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының базасында «Өзгерістің саруарлары» әлеуметтік жобалар бағдарламасы қолға алынған болатын.
Бағдарламаның мақсаты бойынша, қоғамдық маңызы зор аймақ көлеміндегі жобалар еліміздің өзге өңірлеріне масштабталу үшін акселерацияның толық бағдарламасынан өткен.
Әу баста жобалар арасында конкурс ұйымдастырылып, 120 өтініш түсті. Соның 46-сы ғана іріктеліп, акселерацияның бастапқы кезеңіне қатысқанымен финалдық кезеңге 18-сі ғана өтті.
Міне, «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ бастаған «Өзгерістің саруарлары» бағдарламасының арқасында бұл жобалар акселерацияның толық сатысынан өтіп, өз жұмыстарын республикалық көлемде масштабтауға мүмкіндік алды.
– Жоба үкіметтік емес ұйымдар арасында үлкен қызығушылық тудырып, «Өзгерістің саруарлары» бағдарламасына қатысуға көптеген өтініш түсті. Акселерацияның нәтижесінде біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, эволюциялық даму және ұлттық бірегейлікті сақтау сынды барлық бағыттарын бойына сіңірген және жарқын болашаққа ұмтылған жаңа жобаларды көпшілікке таныстырдық. Ендігі кезекте бұл жобалардың барлығы «Рухани жаңғырудың» бренд-амбасадоры және «Өзгерістің елшілері» ретінде өзге де әлеуметтік бастамаларға үлгі болады, – деді «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Басқарма Төрағасы Данияр Есин.
«Өзгерістің саруарлары» бағдарламасының бірінші маусымы мәресіне жеткенімен оған қатысқан жобалар әрі қарай да «Рухани жаңғыру» институты тарапынан қолдау таба бермек.
Мәселен, келесі жылы «Өзгерістің саруарлары» клубы құрылып, әлеуметтік бастамалар мен жобаларды жаңғырту және дамыту мақсатында алқақотан жиындар өткізетін ортаға айналады.
Сондай-ақ, республикалық көлемде Сарапшылар кеңесі құрылып, жобаларды өңірлерге тарату үшін эффективті жұмыстар жүргізіледі. Бұдан бөлек, «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Жанар Боқанованың айтуынша, ірі мегаполистер мен облыс әкімдерін акселерациядан өткен 18 жобаға қолдау көрсетуге шақырмақ.
Өз кезегінде Акселератор сарапшысы, «Тринт» қоғамдық қорының директоры Юлия Натарова акселерацияға қатысқан жобалардың барлығы жұмыстарын республикалық көлемде дамытуға әлеуетті екендігін айтты.
– Әу баста іріктеу жасағанда да республикалық көлемде дамуға мүмкіндіктері мол жобалар қарастырылды. Бірақ оларға кішкене қолдау көрсетіп жіберу керек болды. Нәтижесінде қазір олар аймақтарға өз франшизаларын ұсынып, өңірлерде филиалдарын аша алатын жағдайға жетті, – деді Юлия Натарова.
Жиын соңында акселерацияның толық бағдарламасынан өткен барлық жобаларға арнайы сертификаттар табысталды.