"Өз еркіңмен кет, әйтпесе...". Тихановская Лукашенкоға соңғы талап қойды

Dalanews 16 қыр. 2020 11:06 714

Беларусь президент сайлауында кандидат болған Светлана Тихановская президент Александр Лукашенко биліктен өз еркімен кетсе, оның қауіпсіздігіне кепіл беретінін мәлімдеді. Бұл туралы Тихановская украиналық «Левый берег» басылымына берген сұхбатында айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

«Талқыланады. Әлбетте, ол өз еркімен кетсе, мұндай мәселені қарастыруға болады. Сенімді түрде айта алам. Мен барлық адамдар атынан сөйлеуім керек. Бұл мәселеде көпшіліктің пікірі де ескеріледі», – деп мәлімдеді ол.

Лукашенко қауіпсіздігінің кепілі туралы сауалға ол президент «одан да көп» нәрсе алады деп жауап берді.

Бұның алдында Лукашенко «билік тастап кету, тапсыра салу үшін берілмейді» деп мәлімдеген.


«Көп сөз болмас үшін, ер азамат ретінде айтайын. «Ол билікті бермейді» деп сынаушылар бар. Дұрыс. Мені халық билікті бере салсын деп сайлаған жоқ. Билік тастап кету, тапсыра салу үшін берілмейді», – деп мәлімдеді Лукашенко 10 қыркүйекте.

Беларусьте бір айдан астам уақыттан бері жаппай наразылық шерулері өтіп жатыр. Акция Орталық сайлау комиссиясының президент сайлауында Лукашенко 80 пайыздан астам дауыс жинады деп жариялаған соң басталды. Светлана Тихановская штабы сайлаудың ресми нәтижесін мойындамады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар