14 наурыз күні Ақтау қаласында теңіз жағалауында Роза Рымбаеваның концерті болды. Әнші ауа райының қолайсыздығына қарамастан шараны тоқтатпай, соңына дейін өткізген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Роза Рымбаева Ақтауда Наурыз мейрамы мен Амал мерекесінің құрметіне ашық аспан астында концерт берді. Алайда сол күні 112 қызметі облыс бойынша жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жететін жел соғатыны жөнінде ескерту жолдаған.
Ал әнші ауа райының қолайсыздығына қарамастан, концертінен бас тартпай, аздаған көрермен алдында өнер көрсетті. Концертке бар-жоғы 50-ге жуық қала тұрғыны жиналған.
"Концертті өткізбейік дегенбіз, бірақ Роза Рымбаева үзілді-кесілді бас тартты. Ақтаулықтар қашаннан мықты адамдар. Олар бұл қаланы ыстыққа, қақаған аязға, қатты желге қарамастан тұрғызған. Сондықтан бұл концерт ақтаулықтарға деген құрмет ретінде өткізілді", – деді ұйымдастырушылар.
Бұған дейін Павлодар қаласының әкімдігі Роза Рымбаева мен Қайрат Нұртастың Наурыз мерекесіне орай қала тұрғындарының алдында өнер көрсеткені үшін қанша гонорар алатынын айтқан еді. Қос жұлдыздың концертіне бюджеттен 10 миллион теңге бөлінген.