Отырар аудандық қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті

Dalanews 01 қар. 2018 09:21 783

Отырар ауданындағы зейнеткер және әр түрлі сала өкілдерінен құрылған Қоғамдық кеңес аймақтың түрлі әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық ахуалына белсенді араласып, өміршеңдігін танытуда.

Ауданның тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамайтын ақылдастар алқасы әкімдіктің арнайы ұсынымен түрлі шешімдерді қабылдаудан бұрын талқылауға да мүдделі.

Бүгін Қоғамдық кеңестің кезекті көшпелі отырысы аудан орталығына шалғай орналасқан Аққұм, Көксарай, Маяқұм, Балтакөл ауыл округі әкімдерінің 2018 жылдың 9 айында атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы есептерін тыңдауға арналды.


Аталған ауылдық округтердің жұмыс қарқынында оң серпілістер бар. Ауыл және мал шаруашылығын дамыту, табыс көлемін ұлғайту, жұмыспен қамту, салық түсімін арттыру мәселелеріне егжей-тегжейлі мән берген комиссия мүшелері алдағы жоспарлар жөнінде де ой бөлісті.

Мәселен, Аққұм ауыл округінің әкімі Серік Әлшері есепті баяндамасында шаруалардың су тапшылығына қарамастан 4301 гектар жерге түрлі дақылдар егіп, өнім алғанын жеткізді. Ауылдық округте ірі қара және қой саны жыл санап арта бастаса, мал азығын дайындау ісі 109,3 пайызға артығымен орындалған. Ал, халқы ең тығыз қоныстанған Көксарай ауыл округінде мал басының барлық түрінен өсім артып, «Сыбаға» — 100 пайыз,  «Құлан» — 105 пайыз, «Алтын асық» 101 пайызға артығымен орындалыпты.
«Өткен жылмен салыстырғанда мал шаруашылығымен қоса егіс көлемі де 793 гектарға ұлғайып, «Құдайберген» каналына 2 дана насос қою арқылы 400 гектар суармалы жерді ағын сумен қамтамасыз етуге қол жеткіздік»,-дейді  Көксарай ауыл округінің әкімі Әбдірахмен Мәуленқұл.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар