Отбасы банк ипотекаға қабылданатын баспанаға қойылатын талаптарды жеңілдетті

Отбасы банк ипотекаға қабылданатын баспанаға қойылатын талаптарды жеңілдетті
pixabay.com

Отбасы банк ипотека рәсімдеу кезінде кепілге қабылданатын тұрғын үйге қойылатын талаптарды жеңілдетіп, панельді үйлердің пайдалану мерзіміне қатысты шектеуді ұлғайтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Банк мәліметінше, енді бетон және керамзитбетон негізіндегі панельдерден салынған, пайдалануға берілгеніне 60 жылдан аспаған тұрғын үйлер кепіл ретінде қабылданады.

Бұған дейін Отбасы банк панельді үйлердің пайдалану мерзімі 50 жылдан аспаған жағдайда ғана ипотека беретін. Жаңа талапқа сәйкес, 1966 жылдан бері салынған панельді үйлердегі пәтерлер де банк талаптарына сай келеді.

Сонымен қатар банк алғаш рет SIP-панельдерден салынған жеке тұрғын үйлерді кепілге қабылдай бастады.

Алайда мұндай үйлерге бірқатар талап қойылады. Атап айтқанда, олардың пайдалануға берілгеніне бес жылдан аспауы, сертификатталған материалдардан салынуы, іргетасы берік болуы, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары толық аяқталуы және барлық инженерлік коммуникацияларға қосылуы тиіс.

Сарапшылардың пікірінше, енгізілген өзгерістер қайталама тұрғын үй нарығындағы ипотека арқылы сатып алуға болатын баспаналардың санын көбейтіп, азаматтардың таңдау мүмкіндігін кеңейтеді.