Қорғаныс министрлігі Отарда төменгі жақ сүйегі сынған мерзімді әскери қызметші Есбол Қапардың денсаулығына қатысты жаңартылған ақпарат таратты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, сарбаздың жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Қазіргі уақытта ол Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің әскери-клиникалық госпиталінде оңалту курсынан өтіп жатыр.
Министрлік мәліметінше, оқиға мерзімді әскери қызметшілер арасында орын алып, соның салдарынан сарбаздың төменгі жақ сүйегі сынған. Зардап шеккен әскери қызметші дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, оған барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетілген. Сарбаздың денсаулық жағдайы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Әскери-клиникалық госпитальдің жақсүйек-бет хирургиясы бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Владислав Мусатовтың айтуынша, қатардағы жауынгер Есбол Қапардың қазіргі жағдайы жақсы. Ауруханаға түскен сәтте оның жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық деп бағаланған.
Дәрігердің сөзінше, сарбазды емдеу толық көлемде жүргізіліп жатыр. Психологиялық жағдайы тұрақты, шайнау және ауыз ашу функциялары қалпына келе бастады. Жақын уақытта бекітуші шиналарды алу жоспарланып отыр. Қазір әскери қызметші физиотерапия, дәрумендік терапия, жалпы нығайтушы ем және емдік дене шынықтыру курстарынан өтуде. Алдағы уақытта гипербариялық оксигенация сеанстарын өткізу көзделген.
Владислав Мусатовтың мәлімдеуінше, шамамен бір ай ішінде сарбаз ауруханадан шығарылады. Толық сауығып кетуі үшін оған сырқатына байланысты демалыс беріледі. Одан кейін ол өз әскери бөлімінде қызметін жалғастырады.
Айта кетейік, 27 қаңтарда аталған дерек бойынша Гвардейск гарнизонының әскери полициясы қылмыстық іс қозғаған. Материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Қорғаныс министрлігі оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың, соның ішінде жағдай туралы жоғары қолбасшылыққа дер кезінде хабарламаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда олқылықтарға жол берген әскери бөлімнің лауазымды тұлғаларының әрекеттеріне жан-жақты құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
