Республика көлемінде ұйымдастырылатын шараға балалар мен жастардан құралған оркестр мен ансамблдер қатысып, өнер көрсететіні белгілі. Өскеменде өткен мәдени іс-шараға студенттер де айрықшы үлес қосқанын айта кетуіміз керек. Мәдени шара жастардың бойында бұғынып жатқан таланттарын көпшілікке паш ететін кермет мүмкіндік болды.
Өскемен қаласының орталық көшесінде ұйымдастырылған шеруге 5 мың бала қатысқан. Мерекелік шеруде дауылпаздар тобы, қазақ және орыс халқының музыкалық аспаптарын меңгерген жастар қаланы әсем сазға бөлеп, тұрғындарға үлкен қуаныш сыйлағанына куә болдық. Сонымен қатар түрлі-түсті киінген мажореттер, черлидер және мың бұралған бишілер тобы да өз өнерлерін көрсеткенін де айта кетуіміз керек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Өскеменде өткен айтулы шараға қатысып, тамашалау үшін облыс аумағында қалалар мен аудандардан 105 мыңнан астам адам қатысқан. Мәдени шараға жиналған талантты балалар ән салып, би билеп, музыкалық аспаптарда ойнап, жиналған қауымның көңілін бір серпілтсе, балалардың қызылды-жасылды әдемі киімі Республика алаңына ерекше көрік берді.
Айтуылы шара барысында сөз алып, балаларға ақ тілегін арнаған ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова алдағы уақытта облыс аумағында балалардың жазғы демалыстарын сауықтыру лагерьлерінде қызықты өткізіп, денсаулықтарын түзеу үшін барлық жағдай жасалғанын алға тартты.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары балаларға сыйлықтар табстады. Шара барысында Әсем Нүсіпова 20 талантты балаға қала сыртындағы лагерьде демалуы үшін сертификатты тапсырды. Бұдан өзге әке-шешесінің қамқорлығынсыз қалған және аз қамтылған отбасылардың балалары, оқу мен спортта үлкен жетістікке жеткен оқушылар да түрлі сыйлықтар мен сертификаттарға ие болды.
Биыл жазғы демалыста Шығыс Қазақстан облысындағы 176 244 бала мен жасөспірім облыс аумағында жұмыс істейтін лагерьлер мен арнайы алаңдарда демалып, қоғамға пайдалы іспен айналысып, «Өз жеріңді таны» деп аталытын оқу-тәжірибелік турға қатысып, жазғы демалыстарын қызықты өткізеді деп күтілуде.
Шеру соңында «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері қолдарындағы алқызыл шарларын аспанға ұшырды. Осы ретте балалар кісі бойындай үлкен қуыршақтармен ойнап, өздерінің қалаған кейіпкерлерімен суретке түсу мүмкіндігіне ие болды.
– Жыл сайын ұйымдастырылатын шеру қазір балалар арасында үлкен маңызға ие болып келеді. Біз де алаңсыз күліп, мәз-майрам болған балаларға қарап, өзіміздің балалық шағымымызды еске түсірдік. Біз де жазғы демалысты асыға күтіп, ларгерьге барғанша асығушы едік. Жастарға, жалпы өскемендіктерге ерекше көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, – деді Өскемен қаласының тұрғыны Людмила Беркетова.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Өскемен қаласында 80 мыңнан астам оқушы қатысып, концерт пен түрлі спорттық шаралар ұйымдастырды. Балалар асфальт бетіне түрлі суреттер салудан жарысса, аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар қаладағы театрлардағы қойылымдарды тегін тамашалауға мүмкіндік алды. Ал әке-шешесінің қамқорлығынсыз қалған жетім балалар қаладағы дәмхана, кинотеатр мен ойын-сауық орталықтарының қызметін тегін пайдаланып, төл мерекелерін қызықты өткізді.