Өскемендегі базарлардың бірінде сатушыны алдап, ұялы телефонды алып қашқан ер адам ұсталды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полиция дерегінше, күдікті сауда дүңгіршегіне сатып алушы болып кіріп, сатушыдан телефонды жақынырақ көру үшін қолына беруді сұраған. Құрылғыны алған сәтте дүңгіршектен қашып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын 30 мың теңгеге бағаланды.
Патрульдік полиция қызметкерлері Жедел басқару орталығының инспекторларымен бірге күдіктінің кім екенін және жүрген жерін жедел анықтады. Ол Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты.
Тәртіп сақшылары ұрланған телефонды тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Күдікті кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.