Осы жылы елімізде жол жөндеу бойынша рекордтық көрсеткіш орнатылмақ

Қаракөз Амантай 09 шіл. 2024 11:04 70003

Көлік министрі Марат Қарабаев осы жылы 12 мың шақырым жол жөндеуден өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министр еліміздегі автожолдардың жай-күйіне тоқтала отырып, биыл жол жөндеу жұмыстарында рекордтық көрсеткіш орнатылатынын баса айтты.

"Осы жылы жол жөндеу және құрылыс жұмыстары 12 мың шақырымды қамтиды. Бұл – бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Бұл ретте, жөнделетін жолдардың 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мың шақырымы жергілікті желіге тиесілі. Жылдың соңына дейін 7 мың шақырымда құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталады", - деді Қарабаев.

Қарабаевтың сөзінше, республикалық жолдарды күтіп ұстауға ғана жыл сайын 80 млрд теңге қажет. Жалпы Қазақстандағы автожол ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы республикалық, ал қалған 70 мың шақырымы жергілікті жолдарға жатады.

"Республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолдарды күтіп ұстауға 80 млрд теңге қажет. Сондықтан, бюджетке артық салмақ түсірмеу үшін ақылы жолдарды енгізу жұмыстары жалғасады. Бүгінгі таңда ақылы жолдардың жалпы ұзындығы — 3 мың 200 шақырым. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл жолдардан 30 млрд теңге жиналды", — деді ол.

Министр аталған қаражат жолды күтіп ұстауға, ағымдағы жөндеуге және техника сатып алуға жұмсалғанын атап өтті.

"Реконструкциядан өткен жолдарды нормативтік деңгейде күтіп ұстау үшін биыл жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын 11 учаскеге кезең-кезеңімен ақы алуды енгізу жоспарланып отыр", — деді Марат Қарабаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар