"Осы жағдайға өзі жеткізді ме?" Бишімбаевты ұстаған полицияға қатысты тергеу жүргізіледі

Сағыныш Сардарова 22 сәу. 2024 13:01 3679

Экс-министр Қуандық Бишімбаевты оқиға болған күні ұстаған полиция қызметкеріне қатысты қызметтік тергеу жүргізіледі, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысының бірінде полицейдің жетонынан видео көрсетілген болатын. Кейін полиция "Бишімбаевтың қолынан кісенді шешіп, темекі шегуіне рұқсат бергені" жөнінде ақпарат тарады. Оған қоса құзырлы орган қызметкері Бишімбаевтан марқұм Нүкеноваға қатысты "осы жағдайға жеткізген өзі ме?" деп сұрағаны туралы ақпарат та болды.

Енді полицияның осы істеріне құқықтық баға берілетіні белгілі болды.

"Осы дерек бойынша Астана қаласының Полиция департаменті қызметтік тергеу тағайындады. Мән-жайы анықталады. Нәтижелері қосымша хабарланады", - деп жазылған ІІМ-нің Tengrinews.kz-ке жауабында.

Айта кетейік, бұған дейін журналистерге берген жауабында ІІ басшысының орынбасары Игорь Лепеха осы жайт тексерілетінін жеткізді.

"Жетондағы видеоны көрген жоқпын, зерттеп көрейік. Олар темекі шегуге рұқсат бермеуі керек еді, бірақ қолындағы кісенін шеше алады. Арнайы ережелері бар. Яғни ол көлікке дейін кісенмен баруы керек, ал көлікке отырған кезде кісенді шешіп тастай аламыз. Бұл - қалыпты жағдай, себебі ертең бізді азаптады деп кінәламауы қажет. Бұл жерде оғаш ештеңе көріп тұрған жоқпын. Ал темекі шегуге келер болсақ, қарап, зерттеу керек. Біздің барлық әрекетімізге баға беретін тиісті бөлімшелер бар", - деді Игорь Лепеха.

Сонымен қатар, ведомство өкілі баға беретін бөлім басшысына жеткізетінін мәлімдеді.

Ал полицейдің жетонындағы видео кадрларында полицейлер Бишімбаевтан жауап алып жатқан сәт те көрінеді. 

Видеода "таңға дейін ұрыстық" деген дауыстар естіледі. Жәбірленуші тарап өкілі Айтбек Амангелді видеоға қатысты пікір білдіріп, кадрларда Бишімбаев өзін қалыпты ұстағанын айтқан болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар