Ө.Шөкеев: «Nur Otan» партиясының ашық алаңында халықпен жиі кездесемін»

Dalanews 28 там. 2019 12:25 800

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында өз құзіретінде облыс көлемінде шешімін таппаған өзекті мәселелерді шешуге атсалысатынын алға тартты. Бұл туралы бүгін Түркістанда өткен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Саяси кеңес мәжілісінде партия филиалы Төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. Партияның 7 бағыты бойынша жұмыс жүргізуді тапсырған өңір басшысы «Nur Otan» партиясының халыққа жақын болуы үшін барынша ашық форматқа көшуді тапсырды.

– Партия ашық болуы тиіс. Оның ғимаратына әр адам еркін кіруі тиіс. Осы орайда облыстағы жобалық кеңсе  менбірге «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы «Open space» форматымен жұмыс істеуі тиіс. Ол үшін басқа ғимаратқа көшеді. Мен өзім осы ашық алаңға келіп, партиямен бірге халық пен жиі кездесетін боламын, – деді Ө. Шөкеев.

Жиында баяндама жасаған партия филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев облыстағы бірқатар мәселелерге тоқталды.

– Демографиялық өсімі ең жоғары Түркістан облысындағы 2 миллионға жуық тұрғынның 464 033 мыңы – оқушы балалар. Осы балалардың жан-жақты дамуына, құқығының қорғалуына бәріміз жауаптымыз. Алайда, білім беру ұйымдарында өткізіліп жатқан ауқымды шараларға қарамастан жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық деңгейі төмендемеуде. Бүгінгі бала – ертеңгі қоғам мүшесі, мемлекетті қалыптастыратын тұлға деп қарасақ, балалардың құқығын сақтауды барлығымыз осындай алқа отырыстарында ашық талқылап іске асырсақ, болашақ ұрпақтың зорлық-зомбылыққа ұшырамасы анық. Осы мақсатта отбасы институтын қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» жобасы аясында партияның облыстық, аудандық, қалалық филиалдары жанынан «Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі мониторинг жүргізу және қоғамдық бақылау топтары құрылып, біршама жұмыстар атқарылды және облыс бойынша өмірлік қиын жағдайдағы көпбалалы отбасыларға мониторинг жүргізілуде, – деп атап өтті партия филиалының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев.

Облыстағы екінші өзекті мәселе – жұмыссыздық. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2019 жылы 71 828 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, нақты 43 296 адам жұмыспен қамту шараларына қатысқан, бұл халықтың небәрі 60,2%-ын құрап отыр.

Сондай-ақ Шардара, Келес, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында ауылдың ішкі жолдары мен республикалық маңызы бар трассалардың сапасы сын көтермейді.

Аталған 5 ауданның халық саны 700 мыңға жуық. Осы халықтың өмірі тікелей жолмен тығыз байланысты. Статистикаға сүйенсек, жол нашарлығынан 2019 жылдың алғашқы 7 айында 117 жол-көлік оқиғасында 16 адам қайтыс болған. Бұл дегеніміз «Nur Otan» партиясының еліміздегі инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Құтты мекен» ұлттық жобасының өз дәрежесінде іске аспай отырғандығын аңғартады.

– Шекаралас аумақтағы стратегиялық маңызы бар осы аудандардағы жолдардың сапасын жақсартатын кез жетті. Бұл – ел тілегі. Сондықтан аталған аудандардың жолдарын жаңартуды және осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін партияның XVIII Съезінде қабылдаған «Құтты мекен» ұлттық жобасы аясында партиялық бақылауды күшейту діұсынамыз, – деді партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Сонымен қатар, қазіргі таңда әлеуметтің өзекті тақырыбына айналған атаулы әлеуметтік көмекті алудағы заңсыздықтар да сөз болды. "Е-Халық" ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, 1000-ға жуық отбасы табысы төмен және мұқтаж отбасыларға ғана берілетін атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алу үшін өздерінің нақты табысын жасырған. Осыған байланысты, "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңын бұзып, рұқсатсыз төленген төлемдерді қайтару және қайта қарау, заңбұзушылықтардың алдын-алу бойынша әрбір анықталған факті бойынша жеке-жеке жұмыс жүргізіліп жатқанын Б. Тәжібаев алға тартты.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы қоғам белсенділерін, мемлекеттік орган басшыларын, мәслихат депутаттарын, әлеуметтік желі белсенділерін тарта отырып, облыстың өзекті мәселелерін талқылап, тиісті ұсыныстар беру үшін «Түркістан талқы» диалогтық алаңын іске қосуды жоспарлап отыр. Мақсаты – мемлекеттік органдар мен қарапайым халық арасында кері байланыс орнату.

Осы жоба арқылы партия филиалы қоғамдағы, өңірдегі ең өзекті мәселелерді ашық талқылайды.

Сондай-ақ, партия филиалы азаматтардан келіп-түскен арыз-өтініштерді дер кезінде қарау, оларды заң аясында оңтайлы шешу мақсатында облыстық партия филиалының ғимаратында мемлекеттік орган басшыларының қатысуымен апта сайын тақырыптық қоғамдық қабылдаулар өткізуді әлеуметтік желілерде тікелей эфирде өткізетін болады.

 

 «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөзқызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар