Оралда ветеринариялық бақылау инспекциясының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталды

Оралда ветеринариялық бақылау инспекциясының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталды
Фото: gov.kz

Батыс Қазақстан облысында Орал қалалық аумақтық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы Абылай Мұқаев пара алды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы "Уральская неделя" агенттігі мәлімдеді. Жергілікті белсенді Бауыржан Ахметжанның дерегінше, шенеунік 1 маусым күні шаруа қожалықтарының бірінен ақша алу кезінде қолға түскен.

Аталған дерек бойынша қылмыстық істі Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті тергеп жатыр.

Абылай Мұқаев Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының құрамындағы Орал қалалық аумақтық инспекцияны басқарады.

Белсендінің айтуынша, өңірдегі ветеринариялық бақылау саласында бұған дейін де жемқорлық фактілері тіркелген. Мәселен, 2024 жылдың қыркүйегінде облыстық инспекцияның бас маманы Ястауи Мұсағалиев пен ветеринариялық инспектор Талғат Айсиев пара алғаны үшін сотталған. Ал 2025 жылдың қыркүйегінде Бөрлі аудандық ветеринариялық станциясының директоры Жанболат Махмұдовқа қатысты айыптау үкімі шыққан.

Бауыржан Ахметжан өңірдегі ветеринариялық бақылау жүйесіндегі жемқорлық фактілері жүйелі сипатқа ие екенін алға тартып, бағынысты қызметкерлері сотталғанына қарамастан, кейбір басшылардың қызметтерінде қала беретінін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтап жатыр.