Орал қаласында өткен жылы көпқабатты үйдің ауласында тірідей өртеніп кеткен 8 жастағы Артемнің өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы марқұм баланың анасы Мухаббат Пардаева мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz "Мой город" порталына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 10 тамызда Қонаев көшесіндегі көпқабатты үйдің ауласында болған. Жазғы демалысқа әжесінің үйіне келген Артем сол күні достарымен ойнауға шығып, арада бірнеше сағат өткен соң денесінің басым бөлігі күйген күйде үйіне жеткізілген. Анасының айтуынша, баланың денесінің 96 пайызы күйіп қалған. Ол есін жоғалтпағанымен, өзін кім өртегенін нақты айта алмаған. Тек «мені өлтіргісі келді» деген сөзді қайталай берген.
Марқұмның анасы тергеу жұмыстарының дұрыс жүргізілмегеніне шағымданды. Оның сөзінше, қылмыстық іс 2026 жылдың ақпан айында тоқтатылған. Әйел дәлелдердің басым бөлігін өздері жинағанын айтады. Атап айтқанда, мектеп пен дүкен камераларындағы жазбаларды полиция емес, өзі іздеп тапқан.
Сондай-ақ подъездегі бейнебақылау камерасының жазбалары небәрі жеті күн сақталғандықтан, тергеушілер уақыт өткізіп алып, маңызды кадрлар жоғалып кеткен. Отбасына тек үзінді бейнелер көрсетілген.
«Іс жай ғана тұрып қалды. Ешкім нақты жұмыс істемеді. Полиция біздің іс бойынша әрекет еткен жоқ», – дейді баланың анасы.
Отбасының айтуынша, оқиғаға кәмелетке толмағандар қатысы болуы мүмкін. Алайда олар жауапкершілікке тартылмаған.
Әділдікке қол жеткізе алмаған соң, баланың әкесі видеоүндеу жариялап, кінәлілерді табуды сұраған. Бірақ кейін өздеріне қарсы полицияға арыздар түскен. Отбасы адвокат жалдап, өздерін қорғауға мәжбүр болған.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті іс бойынша барлық қажетті сараптамалар жүргізілгенін хабарлады. Тергеу ҚР ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан тоқтатылған.