Оралда суға батқан жасөспірімді құтқармақ болған 18 жастағы қыз көз жұмды

Оралда суға батқан жасөспірімді құтқармақ болған 18 жастағы қыз көз жұмды
ашық дереккөзден

Оралда суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқармақ болған 18 жастағы қыз көз жұмды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қайғылы оқиға 16 шілдеде Жайық өзенінің Ремзавод ауданындағы шомылуға арналмаған жағажайда болған. Алсу Ермағамбетова жүзуді білмесе де, суға батып бара жатқан адамды құтқару үшін өзенге секірген.

Сол күні бойжеткен құрбысымен және екі танысымен бірге өзен жағасында демалып отырған. Олар оның медициналық колледжге оқуға түскенін атап өтіп жатқан.

Марқұмның тәтесі Айгүл Хусаинованың айтуынша, Алсу Теректі ауданының Теректі ауылында тұрып, сол жерде білім алған. Оны әжесі тәрбиелеп өсірген. Бойжеткен мектепте жақсы оқып, спортпен айналысқан және көптеген мақтау қағазына ие болған.

«Олар жағалауда отырып, шырын ішіп, пицца жеген. Кейін Алсу мен оның құрбысы Милана суға тізелеріне дейін кірген, ал 16 жастағы жасөспірім әрі қарай жүзіп кеткен. Бір кезде ол көмек сұрай бастаған. Алғашында оны қалжыңдап жатыр деп ойлаған, бірақ кейін шынымен суға батып бара жатқанын түсінген. Жүзуді білмейтін Алсу бірден суға секірген. Жасөспірім жағаға шығып үлгерген, оған кейін жеткен ер адам да көмектесуге тырысқан. Алайда Алсуды құтқарып қала алмады», – деді Айгүл Хусаинова.