Орал қаласының №2 соты ауруханаға жеткізілгеннен кейін келесі күні жансақтау бөлімінде көз жұмған 58 жастағы ер адамның ісі бойынша шешім шығарды. Сот марқұмның ұлының талабын ішінара қанағаттандырып, қалалық аурухананы 4 миллион теңге көлемінде моральдық зиянды өтеуге міндеттеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іс материалдарына сәйкес, марқұмның ұлы әкесінің қайтыс болуына дәрігерлердің әрекеті немесе әрекетсіздігі себеп болуы мүмкін деп есептеп, аурухана мен емдеуші дәрігерді сотқа берген. Алайда медициналық мекеме талап-арызбен келіспеген.
Бұған дейін марқұмның туыстары полицияға жүгінгенімен, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталмағандықтан, сотқа дейінгі тергеу тоқтатылған. Кейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменті тексеру жүргізіп, науқасқа медициналық көмек көрсету кезінде заң талаптарының бұзылғанын анықтаған.
"Пациент бірнеше рет медициналық көмек сұрап жүгінгенімен, оған қажетті тексерулер жүргізілмеген. Дәрігерлер оны мас күйде болды деп болжағанымен, бұл болжамды растайтын алкогольдік сараптама жасалмаған", - деп мәлімдеді Жоғарғы сот.
Тек науқас Денсаулық сақтау басқармасының call-орталығына шағымданғаннан кейін ғана ауруханаға жатқызылып, оған ишемиялық инсульт диагнозы қойылған. Алайда ем басталғанына қарамастан, ер адам келесі күні жансақтау бөлімінде қайтыс болған.
Сот медициналық көмектің дер кезінде көрсетілмеуі науқасты өмірін сақтап қалудың нақты мүмкіндігінен айырған деген қорытындыға келген.
"Осы мән-жайларды ескере отырып, сот талапкердің арызын ішінара қанағаттандырып, қалалық ауруханадан 4 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы шешім қабылдады", - деп хабарлады Жоғарғы сот.