Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты әлеуметтік желілерде Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің оқытушылары туралы жалған ақпарат таратты деп танылған азаматшаға 778 500 теңге көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Соттың мәліметінше, биыл мамыр айында әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында азаматша Р.-ның Facebook және Instagram парақшаларында, сондай-ақ WhatsApp чаттарында университет оқытушыларына қатысты жарияланымдар орналастырғаны анықталған.
Іс материалдарына сәйкес, жарияланған мәліметтерде оқытушылардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттар болған.
Осыған байланысты құқық қорғау органдары азаматшаға қатысты әкімшілік іс қозғаған. Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
Сот қаулысымен азаматшаға 180 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 778 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сот отырысы барысында азаматша Р. өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар университет өкілі соттан оны әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұраған.
Сот түсіндіргендей, ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша жала жабу, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның беделіне зиян келтіретін көрінеу жалған мәліметтерді көпшілік алдында, бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникация желілері арқылы тарату жауапкершілікке әкеледі.
Аталған бапқа сәйкес жеке тұлғаларға 180 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған. Ал лауазымды тұлғалар үшін 650 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе 25 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы көзделген.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.