Бұған дейін хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдер шеңберіндегі уағдаластықтардың сақталуы тұрғысынан отандық кәсіпорындарға тексерулер жүргізуде.
Алматы және Қостанай қалаларындағы автоөндіруші зауыттарға журналистерді, блогерлер мен белсенділерді, тарта отырып, ашық есік күндері өткізілді. Арнайы шақырылғандар «СарыарқаАвтопром» және «Hyundai Trans Kazakhstan» автомобиль зауыттарын аралады. Сондай-ақ, қонақтар «Kamlitkz» зауыты құрылысында болды, бұл зауыт жақын арада Татарстан мен Қазақстандағы КАМАЗ конвейерлеріне арналған автокомпоненттерді шығаруды бастайды.
БАҚ өкілдері "Агромашхолдинг KZ" АҚ кәсіпорындарына, Қостанай трактор зауытына және Қостанай автокөлік колледжіне барып, машина жасау саласы үшін білікті кадрларды даярлау бағдарламасымен және көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникалары үшін қосалқы бөлшектерді өндіретін кәсіпорын қызметімен танысты.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Алматыда Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаевтың қатысуымен брифинг өтті. Ол әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетілді. Екі сағаттық сессия барысында автоөнеркәсіптің ағымдағы жай-күйі, автоқұрамдауыштар өндірісі мәселелері көтерілді. Сондай-ақ, ҚР-да утилизациялық алымды енгізудің тиімділігі талқыланды.
Сонымен қатар, отандық автомобиль зауыттарындағы блогерлер мен белсенділердің өтініштеріне жауап ретінде барлық ниет білдірушілер үшін, әсіресе мектеп оқушыларына тұрақты негізде ашық есік күндерін өткізу туралы шешім қабылданды.
Тұрақты экскурсиялар адамдарға автомобиль өндірісі, локализация деңгейі және қолданылатын технологиялар туралы көбірек білуге көмектеседі. Сондай-ақ олар қазақстандық балаларды өндірістің заманауи мәдениетімен және өзекті техникалық мамандықтармен таныстыруға мүмкіндік береді.