«Оқуға құштар мектеп» жобасы кітап оқушылардың кітап оқуға ықыласын арттырады

Dalanews 07 қар. 2020 04:13 3928

Қазіргі таңда елімізде оқушы жастардың кітап оқымайтыны туралы жиі айтылатыны жасырын емес. Жалпы, оқушылар кітап оқымай ма, әлде мектеп оқушылары қызығып оқитын көркем әдебиеттер жоқ па деген сұрақтың да ойға оралатыны анық. Жас жеткіншектерді «кітап оқымайды» деп бекерге кінәлай бергенше олар қызығып оқитын кітаптарды көптеп шығарып, алыс ауылдардағы мектептерге таратудың маңызы зор. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім саласында «Оқуға құштар мектеп» жобасын қолға алды.

Жаңа жобаны Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты кезінде ҚР  БҒМ «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғани Бейсембаев мырза таныстырып өтті. Сонымен қатар баспасөз мәслихатына «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Светлана Есбосынова және «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте қатысқанын айта кетуіміз керек.

Алқалы басқосуда бірінші болып сөз алған Ғани Бектайұлы бұл жоба білім саласын дамытудың Жол картасы аясында қолға алынып отырған маңызды бағыттардың бірі екенін алға тартты.

– «Оқуға құштар мектеп» жобасын еліміздегі мектеп қасындағы кітапханалардың жұмысын дамыту арқылы жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде республика бойынша мектеп жанындағы кітапханаларда 200 млн данадан астам кітап қоры сақтаулы. Олардың 38 млн көркем әдебиеттер құрайды. Осы көркем әдебиеттердің 20-30 пайызын 80-90 жылдары шыққан, ескі көркем әдебиеттер мен мерзімді басылымдар құрайды.


Олар оқушылардың қызығушылығын оятпайтыны анық. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын Жол картасын дамыту бағдарламасында мектеп кітапханаларын қажетті көркем әдебиеттермен қамтамасыз ету мәселесін тапсырған болатын. Осы ретте біздер Президент тапсырмасын зерделей келе, кітапхана қорын қызықты кітаптармен байыту ісін алдағы бес жылды толықтай қамтамасыз етуді көздеп отырмыз, – деп «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғани Бейсембаев жағдайды қысқаша баяндап берді.

Міне, мәселе қайда жатыр. Әдетте ақын-жазушылар бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, жастар кітап оқымайды деп жастарды босқа кінәлау әдетке айналғаны жасырын емес. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы мәселені дәл байқап, бұл мәселені шешудің оңтайлы жолын ұсынбағанда не істер едік?

«Оқулық» орталығының жетекшісі мектеп кітапханаларындағы Кеңес заманында басылып шыққан көркем әдебиеттің әбден ескіргенін өзі де мойындады. Кеңестік идеология тұрғысынан жазылған мұндай кітаптарды өскелең ұрпаққа ұсынудың өзі әбес қылық екені анық. Алдағы уақытта бұл мәселені жедел түрде шешіп, мектеп оқушыларына қызықты көркем әдебиеттерді ұсынудың маңызы зор.

«Оқулық» орталығының жетекшісі Ғани Бекетайұлы алдағы бес жылға жоспарланған жобада жастарды қызықтыратын төрт бағыт белгіленіп, сол тақырыптар аясында көркем әдебиеттерді шығарып, оны еліміздегі мектеп кітапханаларына таратуды көздеп отырғанын алға тартты. Осы ретте белгіленген төрт тақырып жайында айта кетсек. Бірінші бағытта мойындалған қазақ әдебиетінің классик ақын-жазушыларының кітаптарын қайта басу көзделсе, екінші бағытта әлем әдебиеті классиктерінің кітаптарын қазақ тілінде сөйлетіп, мектеп жасындағы балаларға қызықты шығармаларды ұсыну қарастырылыпты. Үшінші бағытта қазіргі заманғы талантты жазушылардың шығармаларын кітап қылып шығару қарастырылған. Ал төртінші бағытты ғылыми-танымдық және оқу-әдістемелік әдебиеттерді шығару жоспарланыпты. Осы бағдарлама іске асқан жағдайда еліміздегі мектеп кітапханаларының қоры жыл сайын 20 пайызға жаңарып отырады екен. Тағы да айта кететін жайт, жоғарыда атап өткен бағыттар бойынша таңдалынып алған туындыларды білікті мамандардан құралған арнайы комиссия сұрыптап, талдағаннан кейін кітап болып басылып шығатынын айта кетуіміз керек.

Жалпы, «Оқуға құштар мектеп» жобасы сәтті іске асатын болса, еліміздегі ақын-жазушылардың кітаптары көптеп басылып шығып, ел арасына кең тарайтыны анық. Бұдан кейін ел арасындағы «жастар кітап оқымайды» деген әңгімеге нүкте қойылатыны анық. «Оқуға құштар мектеп» жобасы алдағы уақытта кітап оқуға құмар ұлт деген мәртебелі атымызды қайтаруға септігін тигізетін маңызды бастама болып тұр.

Орталық коммуникация қызметінде өткен басқосуда «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғани Бейсембаев бұл жоба аясында мектеп кітапханаларының қорын толықтырудан бөлек, кітапханалардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту ісіне де айрықша көңіл бөлініп отырғанын тілге тиек етті.


– Қазіргі таңда мектеп кітапханаларында оқушылардың кітап оқуына қолайлы оқу залдары жоқ. Алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыратын боламыз. Бүгінде жаңадан салынған мектептердің өзінде оқу орны қарастырылмаған. Бұл кемшілікті тез арада жоятын боламыз. Оқу залдары безендіріліп, қажетті компьютерлік жабдықтармен жабдықталатын болады. Бұдан басқа мектеп кітапханаларында жұмыс істейтін кітапханашылардың кәсіби біліктілігін арттыруды да көздеп отырмыз. Бірінші кезекте оларды аттестациядан өткізіп, айлық жалақысын көтеру қарастырылуда. Бұдан кейін еліміздегі жоғары оқу орындары дайындайтын кітапханашы мамандығының статусын көтеріп, «педагог – кітапханашы» деген мәртебе берілетін болады, – деді Ғани Бейсембаев.

Осылайша, ҚР Білім және ғылым министрлігі көптен бері қоғам назарынан тыс қалған мектептегі кітапханалардың жағдайын жақсартуды алғаш рет қолға алып отыр. Бұл өз кезегінде елімізде ұлтжанды, патриот жастардың санын арттыра түсетін маңызды шара деп есептейміз.

Нұрлан Жұмақанов

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар