Бұл туралы бүгін ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Өмірәлиев мәлімдеді.
Төрағаның айтуынша, мәслихат депутаттығына барлығы 42 үміткер ұсынылған, оның ішінде 38 үміткер тіркеліп отыр. Қалған 4 үміткер тіркеуге қажетті құжаттарды «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» конституциялық заңының талаптарына сай округтік комиссияға тапсырмаған.
«Осы үміткерлерді партиялық құрамы жағына қарайтын болсақ, «Нұр Отан» партиясынан - 7 үміткер, «Ақ жол» партиясынан 1 үміткер тіркелді. Партиялығы көрсетілмегені - 21 үміткер болса, 9 үміткер партияда жоқ», - деді Ә.Өмірәлиев.
Мәслихат депутаттарының сайлауы 7 округте өткізіледі. Облыстық мәслихатқа сайлау 4 округте өтеді. Олар – Шымкент қаласындағы №11, 35 және Шардара ауданындағы № 49, 50 округтер. Қалалық мәслихатқа – 2 округ (Шымкент қаласындағы №22, Түркістан қаласындағы №7). Аудандық мәслихатқа Сарыағаш ауданынан №22 округте сайлау өтеді. Облыстық мәслихатқа 23 үміткер тіркелсе, қалалық мәслихатқа - 12 үміткер, аудандық мәслихатқа 3 үміткер тіркелді.
Айта кетейік, ең жас үміткер - облыстық мәслихатқа үміткер, Шымкент қаласының тұрғыны Темірбаев Жанғали Бахтиярұлы (21 жаста). Ал жасы ең үлкен үміткер - №7 Түркістан қалалық округтен түскелі отырған Жарқынбеков Сәрсенбек Мүбаракұлы (64 жаста). 2017 жылдың 3 қазанында сағат 24:00-де үміткерлерді тіркеу аяқталып, жеке үміткерлердің сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 4 қазаннан басталды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі