Оңтүстік Қазақстан облысының әкімінің бастамасымен қолға алынған ашық қоғамдық қабылдау шарасы өңірімізде жаңаша ұйымдастырылып отыр. Ондағы мақсат – қордаланған мәселелерді шешу үшін билік пен бұқара арасына ашық диалог орнату.
– Төрт бірдей құрылым өткізген шара бірінші күннен-ақ, өзінің тиімділігін көрсете білді. Жиында ауыл шаруашылығы мәселелері мен сәулет және қала құрылысы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарына қатысты түрлі түйіткілдер қаралды. Сағат 11:00-де басталған қоғамдық қабылдауға 58 азамат арыз-шағымдарын ала келіпті. Тұрғындарды көбінде жер телімі, үй құжатын рәсімдеу, ауыл шаруашылығы саласына қатысты жеңілдіктер мен қаржылай қолдаулар толғандыратынын байқауға болады, – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Берік Құлжанов.
Қоғамдық қабылдау шарасына келген азаматтар көтеретін мәселелеріне орай топтастырылып, басқарма басшыларына арыз-шағымдарын тікелей бетпе-бет жеткізуге мүмкіндік жасалған. Олардың арасында жеке түйткілдің түйінін іздегендер де аз болған жоқ. Солардың бірі – сайрамдық тұрғын Гүлжаухар Мәмбетәлиева да бар. Мүгедек баланың күтіміндегі ана мемлекеттен берілген баспанасын жекешелендіре алмай жүргенін айтып, шағымданды. Ал, С. Сапарханов үй құжаттарының 2007 жылдан бері рәсімдей алмағанын алға тартса, Ж. Тұрғанбаев жеке үйінің қызыл сызыққа орналасқанын оңтайлы шешілмей жатқанын жеткізді. Басқарма басшылары тұрғындарды тыңдай келе олардың мұқтаждықтарын заң аясында қарап, оңтайлы шешуге ықпал ететіндіктерін мәлімдеді.
Алдағы уақытта қоғамдық қабылдау бөлмесі партия ғимаратының кіріберісіне әр басқармаға жеке үстел орнатуды жоспарлануда. «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен өтетін келесі қоғамдық қабылдау 18 қаңтарға жоспарланып отыр. Тұрғындар білім, мәдениет, дін істері, тіл мәселеріне қатысты арыздана алады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі