Онлайн сауда экологияға қауіп төндіріп отыр – Жайымбетов

Самал Асқар 18 нау. 2026 16:56

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, электрондық сауданың экологияға кері әсеріне назар аударды, деп хабарлайды Dala News.

Оның айтуынша, онлайн сауданың қарқынды дамуы тұрмыстық қалдықтардың күрт артуына алып келген.

«Бүгінде тауарды жеткізу барысында пластик, пленка және картон секілді қаптамалар кеңінен қолданылады. Олардың басым бөлігі бір рет пайдаланылып, тұрмыстық қалдыққа айналады. Соның нәтижесінде полигондарға түсетін жүктеме артып отыр», – деді депутат.

Сондай-ақ ол жеткізу қызметінің көбеюі қоршаған ортаға қосымша зиян келтіріп отырғанын атап өтті.

«Жеткізу процесі көлік тасымалдарының артуына алып келеді. Әлемдік зерттеулер бойынша жүк тасымалы көмірқышқыл газы шығарындыларының шамамен 24 пайызын құрайды», – деді Жайымбетов.

Депутат Қазақстандағы қалдықтарды өңдеу деңгейі әлі де төмен екенін айтты.

«Елімізде жыл сайын 5 миллион тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі. Ал оларды қайта өңдеу деңгейі небәрі 28 пайыз шамасында», – деді ол.

Осыған байланысты Жайымбетов бір реттік қаптаманы азайту, қайта өңдеу жүйесін енгізу және экологиялық жауапкершілікті күшейту бойынша нақты шаралар қабылдауды ұсынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove