Онлайн оқыған студенттердің оқу ақысы арзандай ма – Министрлік жауап берді

Dalanews 13 қаң. 2021 05:12 770

Студенттер қашықтан білім алса да, оқу бағасы арзандамайды. Білім және ғылым министрінің орынбасары осындай мәлімдемені қайта жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz  "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.

Ал онлайн оқу кезінде мектеп бағдарламасын түсінбей қалған оқушыларға қосымша сабақ өткізуге рұқсат етілді. Оның күніне неше рет және қай уақытта болатынын мұғалім өзі шешеді.

Кешеге дейін онлайн режимде, енді әдеттегі жұмыс кестесіне көшкен мектептердің білім алушылары бүгіннен бастап көбейді.

Өйткені білім және ғылым министрі үшінші тоқсаннан жоғары сыныптарға да мектепке барып оқуға рұқсат берді. Ал жоғары оқу орындары біртіндеп штаттық режимге ауыстырылмақ.


"Бірінші курс студенттері бейінді мақсатта олар үшін оқу аралас форматта өтеді. Яғни, дәрістер онлайн форматта, ал семинарлар, қолданбалы сипаттағы зертханалық және практикалық сабақтар күндізгі форматта өтеді", - дейді білім және ғылым министрінің орынбасары Мирас Дәуленов.

Бұған қоса, министр орынбасары студенттер онлайн білім алса да университеттер оқу ақысын арзандата алмайтындығын айтты. Өйткені оқу орындары техникалық базасын кеңейткен екен. Дәуленовтың айтуынша, бұл да қыруар қаражатты қажет етеді.

Ал бүгін Асхат Аймағамбетов өзінің фейсбук парақшасында "Білім беру туралы" кейбір заңнамаларға енгізілген өзгерістерге презденттің қол қойғанын жазды. Енді жаңа талапқа сәйкес, мектеп оқушылары қосымша секцияларға тегін бару мүмкіндігіне ие болады екен. Ал балабақшалар мен мектептерде 5 жылда бір рет аттестация жүргізілмек. Яғни, ата-аналар мен оқушылардан сауалнама алынып, кемшін тұстар анықталады.

"Оқулықтардың құрылымы мен мазмұнына қатысты жаңа ережелер әзірленеді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мектепке апаруға болмайтын заттардың тізімін жасайды. Ал әлеуметтік желіде тараған "мектепке ұялы телефон апаруға рұқсат етілмейді" деген ақпарат жалған", - дейді білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова.

Сондай-ақ министрлік оқу процесіне енгізілетін жаңа бағдарламалар да егжей-тегжейлі тексеріліп, апробациядан өткізіледі деп отыр. Осылайша үшінші тоқсандағы оқу форматы мен биылғы жаңашылдықты тілге тиек еткен министрлік мектептің штаттық режимге толықтай қашан көшетінін әлі де ашып айтпады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар