"Өңір әкімдері бақылауға алсын". Бектенов жылыту маусымына байланысты бірқатар өңірге ескерту жасады

"Өңір әкімдері бақылауға алсын". Бектенов жылыту маусымына байланысты бірқатар өңірге ескерту жасады
Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Семей, Степногорск және Петропавл қалаларында жылу жүйесін іске қосуға баса назар аударуды тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымына дайындық барысы қаралды.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, Павлодар облысында жылу беру маусымы басталған. Осы аптаның соңына дейін Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарына, ал 1 қазанға дейін солтүстік және шығыс өңірлердің қалған бөлігіне жылу беру жоспарланып отыр.

Бүгінде Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстарында жұмыстар толық аяқталған. Энергия көздерінде жылу беру маусымын бастауға қажет отын қоры мен жабдықтар дайын. Ал Семей, Степногорск және Петропавл қалаларында дайындық жұмыстары әлі толық аяқталмаған.

"Министрдің баяндамасында айтылды, бірқатар өңірде жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған. Өңір әкімдері жылу беру мәселесін тікелей бақылауға алсын. Семей, Степногорск және Петропавл қалаларында жылу жүйесін іске қосуға баса назар аудару қажет", - деді Олжас Бектенов.