Кейінгі кезде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасайтындар көбейді. Депутат Асхат Аймағамбетов Мәжілісте жағаұстатар жайттарды айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректері бойынша кейінгі бес жылда 280 шабуыл тіркелген.
"Бірақ ашығын айтайық: бұл айсбергтің тек ұшы ғана. Шынайы санды кемінде 10-ға көбейтуге болады. Медицина қызметкерлері бүгінде шабуыл туралы көбіне арызданбайды, өйткені олардың қорғау табатынына сенімі жоқ, бұған қоса дәрігерлер жұмыстың орнына тергеумен жүруге уақыт жоғалтқысы келмейді", - деді депутат.
Асхат Аймағамбетов бұл жағдай "өлім мен өмір мәселесі екенін" айтты.
"Жедел жәрдемге шабуыл жасау деген жай ғана төбелес емес. Мас бұзақы жүргізушіні ұрған кезде оны ғана ұрып жатқан жоқ. Ол көрші көшеде тынысы тоқтап жатқан, дене қызуы көтеріліп, сол жәрдемді күтіп жатқан кішкентай баланы ұрды. Ол инсульт немесе инфаркт алған, енді сол жедел жәрдем оған жете алмайтын әжені ұрды. Яғни бір бұзақының кесірінен жедел жәрдемнің бір бригадасы, бір көлігі істен шығып қалды. Сондықтан осы жәрдемнің науқастарға жету уақыты ұзарды. Ал инфаркт пен инсульт кезінде есеп сағатпен емес, минутпен өлшенетінін жақсы білеміз. Сондықтан бұл – өмір мен өлім мәселесі", - деді ол.
