Ресейдің Омбы қаласындағы құрылыс алаңында болған өрттен зардап шеккен Қазақстан азаматы Максим Багинский ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өрт 15 тамызда болған. Оқиға салдарынан барлығы 11 адам зардап шеккен. Денесінің 70 пайызын күйік шалған Максим Багинский 18 тамызда қайтыс болған.
"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Омбы қаласындағы өрт салдарынан қаза тапқан Қазақстан азаматы Максим Багинскийдің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады", - делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта Қазақстанның Омбы қаласындағы Бас консулдығы марқұмның отбасына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Атап айтқанда, дипломаттар құжаттарды рәсімдеуге және қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Ресейдің құзырлы органдарымен байланыс орнатуға көмектесуде.
Сыртқы істер министрлігі марқұмның отбасымен тұрақты байланыста екенін және өз құзыреті шегінде қажетті қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеді.
Ресейде өрт дерегі бойынша еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды.