Олимпиада-2020: ел қоржынына екінші медаль түсті

Dalanews 25 шіл. 2021 08:52 710

Токио Олимпиадасында Қазақстан қоржыны кезекті медальмен толықты. Зілтемірші Игорь Сон Олимпиаданың қола жүлдегері атанды деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстандық зілтемірші 61 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Игорь жұлқа көтеруде 131 келіні, серпе көтеруде 163 келіні еңсерді. Осылайша қос сайыс нәтижесінде 294 (131+163) келіні бағындырды.

61 келіге дейінгі салмақтағы бәсекеде алтын жүлде қытайлық Фабин Лиге (313 келі: 141+172) бұйырса, күміс Индонезия спортшысы Джули Ираван (302 келі: 137+165) қанжығасында кетті.

Қытайлық зілтемірші серпе көтеруде 172 салмақты еңсеріп Олимпиада рекордын орнатты.

Игорь Сон сынға түскен салмақта кіл үздіктер бақ сынасты: Джули Ираван (Индонезия), Абдурахим Алсалим (Сауд Арабиясы), Ким Туан Тач (Вьетнам), Шота Мишвелидзе (Грузия), Еичи Итоказу (Жапония), Фабин Ли (Қытай), Чан-Хун Као (Тайбэй), Давиде Рую (Италия). Бәрі де жүлдеден үмітті болды.

Бұл Қазақстан командасы сапындағы екінші жүлде. Бұған дейін дзюдодан Елдос Сметов қола жүлдегер атанған болатын.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар