Маңғыстау облысының прокуратурасы Каспий теңізі жағалауындағы 3,4 мың гектар жер учаскесі жеке тұлғаға заңсыз берілгенін анықтады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кендерлі құмқайыры деп аталатын бұл учаске облыстың басты көрікті жерлерінің бірі саналады.
Жердің сатылу тарихы 2007 жылы басталған. Жер учаскесі "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-на сауықтыру кешенін салу үшін 3,1 миллиард теңгеге сатылып, кейін "Гелиос" ЖШС-не 3,3 миллиард теңгеге қайта сатылған.
Жер учаскесі Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, заңсыз берілген. Өйткені жер комиссиясының отырысы өткізілмеген, сондай-ақ, жер учаскесіне жерге орналастыру жобасы бекітілмеген. Осылайша, жер учаскесін берудің жалпы тәртібі бұзылған.
Облыс прокуратурасының қадағалау актісінің негізінде уәкілетті орган сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз енгізді. Экономикалық соттың шешімімен талап қоюшының талаптары толық көлемде қанағаттандырылды.
Бүгінде жер учаскесінің кадастрлық құны 30 миллиард теңгеден асады.
prokadrykz мәліметінше, "Гелиос" ЖШС Рашит Сәрсеновтың отбасына тиесілі. Ол Forbes Kazakhstan-дағы бай бизнесмендер рейтингінде сегізінші орында тұр.