- Қазір индустриялық инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының болашағына адамдардың сенімсіздікпен қарайтынын түсінуге болады. Себебі, бағдарлама бұған дейін халықтың тұрмысына айтарлықтай өзгеріс әкелген жоқ. Адамдар, Қазақстанда жасалған киімді кигісі келеді, аяқ киімді алғысы келеді, тұрмыстық техникаларды пайдаланғысы келеді, отандық үй жабдықтарына қызығушылықпен қарайды. Сол себепті, алдағы бесжылдықта отандық тұтынушылық тауарларды өндіруге көбірек көңіл бөлген дұрыс деп ойлаймын, - дейді Олжас Құдайбергенов.
Сондай-ақ, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры экономикадағы өңдеуші саланың үлесінің құбылуына қатысты өз ойымен бөлісті.
Тағы бір айта кетерлігі, экономикамыздағы өнеркәсіптің үлесі 30 пайызды құрапты. Бұл көрсеткіш тұрақты түрде сақталып келген болатын.
- 2009 жылы, 2015 жылы дағдарысқа байланысты бұл көрсеткіш төмендегені рас. 1991 жылы өнеркәсіп саласындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 30 пайыздың 24 пайызын құрады, 4 пайызы тау-кен өндірісіне тиесілі болды. Содан бергі аралықта тау-кен өндірісі үнемі өсіп отырып, өңдеу өнеркәсібінен озып кетті. 2012 жылы керісінше, тау-кен өнеркәсібінің үлесі 18 пайызға дейін жетсе, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 10 пайызға дейін құлдырап кеткен, - дейді Олжас Құдайбергенов.
Осы отырыста айтылғандай, 2015 жылдың қорытындысы бойынша, Үдемелі индустриялық инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылған 898 жобаның 21-і қазір тоқтап тұр. 21 жоба барлық жүзеге асырылған жобалардың 2 пайызын құрайды. Тоқтап қалған жобалар аймақтық жоба ретінде жергілікті әкімдіктердің қадағалауына алынған. «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ Басқарма төрағасы Айдын Күлсейітов атап өткендей, оларды қайта жандандыру үшін жұмыстар жасалуда.