Олег Сосковец: Qarmet бүгінде Қазақстан экономикасының болашақ даму бағытымен үндесіп келеді

Олег Сосковец: Qarmet бүгінде Қазақстан экономикасының болашақ даму бағытымен үндесіп келеді

Qarmet өндірістік алаңдарында өндірісті ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Компанияның одан әрі өсімін қамтамасыз етуге, өнім түрлерін кеңейтуге және толық металлургиялық циклді нығайтуға негіз болатын бірқатар жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі – өнімді тереңірек өңдеу өндірістерін дамыту. Атап айтқанда, жаңа сортты прокаттау цехының құрылысы жалғасып жатыр. Ол Qarmet-ке жылына қосымша 540 мың тоннадан астам металл өнімін шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта құрылыс алаңына 1,5 мың тоннадан астам арматура және 1,5 мың тоннадан астам металл конструкция жеткізілді. Жұмыстар бір мезгілде бірнеше учаскеде жүргізілуде: ғимараттар мен технологиялық жабдықтардың іргетастары бетондандырылып, темірбетон қаңқалар тұрғызылуда, металл конструкциялар мен кран жабдықтары монтаждалып жатыр.

Жүзеге асырылып жатқан жобалардың болашағына Қарағанды металлургия комбинатының ардагері Олег Николаевич Сосковец те жоғары баға берді. Ол кәсіпорынның өндірістік алаңдарын аралап, жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Олег Сосковец 1971 жылы комбинатқа жас маман ретінде келіп, вальцовщиктен бас директорға дейінгі еңбек жолынан өтті. Әр жылдары ол КСРО металлургия министрі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары және Қазақстан Республикасының өнеркәсіп министрі қызметтерін атқарды.

Комбинатта ондаған жыл еңбек етіп, металлургия өндірісін жақсы білетін маманның бағасы кәсіпорын технологиялық жаңғыртудың ауқымды кезеңінен өтіп жатқан қазіргі уақытта айрықша маңызды.

«Бірінші кезекте, жаңа кокс батареяларының құрылысын атап өту керек. Жаңа өндіріс домна өндірісін одан әрі дамыту үшін берік негіз қалыптастыруы тиіс. Төртінші және бесінші қайта өңдеу сатыларына да үлкен мән беру қажет. Мәселен, сортты прокаттау цехының құрылысы аса маңызды. Өйткені Қазақстанда құрылыс жұмыстарының ауқымды көлемі күтіліп отыр. Елге жолдар, энергетикалық нысандар, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс қажет. Мұның барлығы көп мөлшерде металл мен металл конструкцияларын талап етеді. Бұл өнімнің едәуір бөлігін Qarmet өндіре алады», – деді Олег Сосковец.

Qarmet-ті қазіргі жаңғыртудың ең ірі жобаларының бірі – №8 және №9 кокс батареяларының құрылысы. №8 батарея алаңында металл конструкцияларды монтаждау жалғасып жатыр. Қазір жоспарланған 500 тоннаның 300 тоннасы орнатылды. №8 және №9 кокс батареяларына арналған шеткі алаңдарды салу үшін топырақты қазу жұмыстары толық аяқталды.

Кешен іске қосылғаннан кейін оның өндірістік қуаты жылына 1,5 миллион тонна құрғақ кокс өндіруге жетеді. Жоба Qarmet-тің жеке шикізат базасын нығайтып, толық металлургиялық циклдің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге Олег Сосковецтің айтуынша, жаңғырту ауқымы экономикалық тиімділікпен және өндірілетін өнімге деген сұраныспен тікелей байланысты болуы керек.

«Кез келген шешім экономикалық тиімділік пен өнімге деген сұраныс тұрғысынан бағалануы қажет. Бүгінде әлемде өндірістік қуаттардың елеулі артықшылығы бар. Сондықтан комбинат өте күрделі бәсекелестік ортада жұмыс істеп отыр. Қытай болатты көп өндіреді, Ресей мен Үндістан да өндіріс көлемін арттырып келеді. Мұндай жағдайда, ең алдымен, Қазақстанның ішкі нарығын дамыту, құрылыс, жол инфрақұрылымы мен өнеркәсіп салаларындағы мүмкіндіктерді пайдалану қажет», – деп атап өтті ол.

Ардагердің пікірінше, ішкі өндірістер мен инфрақұрылымды дамыту металлургиялық өнімдерге деген қосымша сұранысты қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда, Qarmet-ті жаңғырту тек жабдықтарды жаңартумен шектелмейді. Ол еліміздің болашақтағы өнеркәсіптік дамуына қажетті өндірістік базаны қалыптастырумен тікелей байланысты.

Кәсіпорынның адами әлеуеті де ерекше маңызға ие. Заманауи өндіріс жаңа жабдықтармен қатар, технологиялық тұрғыдан күрделі жүйелермен тиімді жұмыс істей алатын білікті мамандарды қажет етеді.

«Мен кәсіпорында білікті мамандар мен ауқымды жобаларды көрдім. Комбинаттың болашағы бар деп есептеймін. Қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану, басқару жүйесін жетілдіру, өндірістік персоналды қолдау және қажетті жабдықтарды жеткізе алатын кәсіпорындармен өзара байланысты дамыту өте маңызды.

Қазақстанды алда ауқымды өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық даму күтіп тұр. Ол үшін энергетикаға, жолдарға, құрылысқа және жаңа өндірістерге металл қажет болады. Сондықтан бір нәрсені нық айта аламын: Qarmet бүгінде Қазақстан экономикасының болашақ даму бағытымен үндесіп келеді», – деді Олег Сосковец.

Бүгінде Qarmet алаңдарында базалық өндіріс сатыларын жаңартудан бастап, қосылған құны жоғары премиум өнімдер шығаруды дамытуға дейінгі жаңа өндірістік инфрақұрылым қалыптасып жатыр.

Қолданыстағы өндірістік қуаттарды жаңғырту мен жаңа өндірістерді іске қосуды қатар қамтитын бұл жүйелі жұмыс Қазақстанның болашақтағы индустриялық дамуының берік негізін қалыптастырып, елдің металлургиялық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.