Қоғамның болашағы тек экономикалық көрсеткіштермен немесе технологиялық жетістіктермен өлшенбейді. Елдің ертеңі ең алдымен азаматтардың біліміне, еңбекқорлығына, жауапкершілігіне және құндылықтарына байланысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында өскелең ұрпақ тәрбиесіне тоқталып, ұстаздар «ойы таза, ниеті түзу, жақсылыққа, жарқын болашаққа деген сенімі зор жігерлі азаматтарды» тәрбиелеуге тиіс екенін атап өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл ұстаным қазіргі қоғам үшін ерекше мәнге ие. Ақпарат ағыны күшейіп, әлеуметтік желілер адамның дүниетанымына тікелей ықпал етіп отырған кезеңде жастардың жақсы мен жаманды, ақиқат пен жалғанды ажырата білуі маңызды. Мемлекет басшысы осы тұрғыда қоғам аңыздарға емес, шынайылыққа арқа сүйеуі керектігін, ал «ауызымен орақ орғандар емес, істің адамы» бағалануы қажет екенін айтқан. Оның пайымынша, жасампаздық пен еңбек қана қоғамды алға бастырады.
Ой тазалығы мен дұрыс ниет күнделікті әрекеттен көрінеді. Заңды құрметтеу, адал еңбек ету, білімге ұмтылу, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, өзгенің еңбегін бағалау – осы құндылықтардың нақты көрінісі. Президент бұған дейін Әділетті Қазақстанды құру үшін саяси және экономикалық реформалармен қатар қоғамдық сана мен азаматтардың ниеті өзгеруі қажет екенін атап өткен. Сондай-ақ отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық, тәртіп, адалдық пен әділдікті «Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі қасиеттері ретінде атаған.
Мұндай дүниетаным әсіресе жас буын үшін маңызды. Үнемі сәтсіздікті іздеу немесе болашаққа күмәнмен қараудың орнына білім алып, жаңа дағдыларды игеріп, нақты нәтижеге ұмтылу қоғамдағы жасампаздық мәдениетін күшейтеді. Тоқаев Қазақстан жастарының жақсылыққа ұмтылып, елдің келешегіне сеніммен қарайтынын атап өтіп, отаншыл, білімпаз, жаңашыл, талапты және еңбекқор адамдар елдің көшін алға бастайтынын айтты.
Сондықтан «Ойы таза, ниеті дұрыстың болашағы да жарқын» қағидасын тек тәрбиелік ұран ретінде емес, қоғам дамуының құндылықтық бағдары ретінде қарастыруға болады. Адал еңбек ететін, білімге ұмтылатын, заң мен тәртіпті құрметтейтін және өз болашағына сенетін азаматтардың көбеюі елдің де мүмкіндігін кеңейтеді. Жарқын болашаққа сенім осындай күнделікті нақты әрекеттерден қалыптасады.