Шымкентте Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы басталды. 28 шілдеде өткен сот отырысында айыпталушы Шерхан Аймаханнан жауап алынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сотталушының айтуынша, ол Нұрай Серікбаймен 2025 жылдың шілде айынан бастап кездескен. Ол қызға қаржылай көмектесіп, түрлі сыйлықтар бергенін мәлімдеді.
"Нұрайға қолма-қол ақша беріп жүрдім. Шымкентте болған кезінде 350 мың теңге бердім. Бұдан бөлек, сыйлықтар алып беретінмін. Ол менен ай сайын Алматыға барып тұруымды талап етті", – деді Шерхан Аймахан сотта.
Айыпталушының сөзінше, 2025 жылдың 4 қазанында екеуі шаңырақ көтеруге келіскен. Осыдан кейін олар Алматыдан Шымкентке бірге жолға шыққан.
Шерхан Аймахан Нұрайды үйіне жеткізген соң, одан қолхат жаздырып алғанын айтты. Ол мұндай әрекеттің салт-дәстүрге байланысты жасалғанын алға тартты.
Сотталушы Нұрайдың отбасы олардың қарым-қатынасынан хабардар болғанын да мәлімдеді.
"Алғашқы кездесуге ол анасы тігіп берген көйлекті киіп шықты. Анасының рұқсатымен кездесті. Анасы мен екі ағасы – Димаш пен Сұлтан біздің кездесіп жүргенімізді білді. Олар менің Нұрайдың жұмысына барып жүргенімді де көрді", – деді ол.
Қайғылы оқиға болған күн
Айыпталушының айтуынша, 2026 жылдың 11 қаңтарында ол Нұраймен қарым-қатынасын тоқтату үшін кездесуге шақырған. Сотталушы қызға сақинаны қайтарып, қоштасуды жоспарлағанын жеткізді.
Оның нұсқасы бойынша, айырылысатынын айтқан кезде Нұрай ашуланып, сақинаны көшеге лақтырып жіберген. Бұдан кейін араларында жанжал туындаған.
"Қоштасатынымды айтқаннан кейін Нұрай мені кеудемнен ұрып, балағаттай бастады. Қалтамда пышақ барын сездім. Екі пышақтың кішкентайын беріп, "ұрғанша, пышақта" дедім. Нұрай пышақты алып, сол қолымен оң жақ тұсыма сұқты. Мен артқа шегіндім. Одан кейін не болғаны есімде жоқ", – деді Шерхан Аймахан.