Оқу курстары 18 мамандық бойынша қаладағы 11 оқу орнында өтеді. Биылғы жоспарға сәйкес, 913 азаматты оқыту көзделген. Осы уақытқа дейін олардың 742-і қамтылып, оның 346-сы оқуын аяқтап, 129-ы жұмысқа орналасқаны мәлім болды.
Жоспарға енгізілген түзетуге сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оқыту курсына тағы 450 адамды қосу көзделіп отыр. Бұл тұрғыда ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, бағдарлама қатысушыларына 220 адам енгізілді. Олар енді 21-22 қазанда оқуға кіріседі.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сәйкес, «Атамекен қолдау орталығы» мобилді жұмыспен қамту орталықтарында1400 азамат кеңес алып, олардың 350-і Жұмыспен қамту орталығына жүгінген.
Айта кетейік, «Атамекен қолдау орталығы» мобильді жұмыспен қамту орталықтары адам көп жиналатын жерлерде, базарлар мен вокзалдар жанында, қозғалысы көп көшелерде, халық көп шоғырланған аудандарда орналасқан.
Мобильді жұмыспен қамту орталықтары азаматтардың өтініш беру мүмкіндігін жеңілдетуге және жұмысқа орналасқан адамдардың санын арттыруға мүмкіндік берді.
Бүгінгі күні елордада 8 мобильді жұмыспен қамту орталығы жұмыс істейді. Олар – теміржол вокзалының жанында, «Тұлпар» сауда орталығы, «Встреча» сауда орталығы, «Сапар», «Ұлжан», «Эталон» базарында, Промышленный кентінде және «Азия парк» СОО жанында орналасқан.