Нұр-Сұлтан қалалық білім беру басқармасы ҰБТ дауына қатысты пікір білдірді

Dalanews 18 там. 2021 08:51 249

Нұр-Сұлтан қалалық білім беру басқармасы танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызының оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ведомство өкілдері Қабатовтың қызының құжаттарында қандай да бір заңбұзушылық анықталмағанын жеткізді.

“Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы барлық “Алтын белгі” иегерлерін білімге құштарлығы мен мақсатқа жетудегі табандылығы үшін ризашылығын білдіре отырып, оқушы Аманғали А.Т. мектептерде оқу кезінде жоғары нәтиже көрсеткенін және шынымен де жылдық қорытынды бағалау нәтижелері бойынша “Алтын белгі” иегері екенін хабарлайды.

Құжаттардың үлгілік ережелердің талаптарына сәйкестігіне жүргізілген мониторинг бойынша ешқандай заңбұзушылық анықталмады және құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес келеді”, –делінген басқарма хабарламасында.

Айта кетелік, бұған дейін белгілі заңгер Абзал Құспан Қабатовтың қызының орнына басқа біреу ҰБТ тапсырғанын айтқан. Ал әлемжелідегі жұрт оқушының “Алтын белгіні” әділ жолмен иеленгеніне тексеру жүргізуді талап еткен болатын. Оқиға жайлы әзілкештің өзі де пікір білдірді.

...

Танымал актер мән-жайды түсіндіру үшін Instagram парақшасына видео жариялаған. Аудиода өзін Нұрбек деп таныстырған жігіт Әдемі Аманғалиға ҰБТ-дан жоғарғы балл әперіп, Қабатовтар отбасына тосынсый жасағысы келгенін айтады. Бірақ мұнда көрсетілген телефон Нұрбек есімді азаматтың емес, Қабатовтың қызын ҰБТ-ға дайындаған орталықтың директоры Бауыржан Жәдігеровтің нөмірі болып шықты. Тұрсынбекпен жақсы араласатынын айтқан ол, Нұрбектің орталықта жұмыс істемейтінін жеткізді.

“Тұрсынбек Қабатовтың қызы бізде көктемде білім алды. Басында ҰБТ-ға дайындалып, кейіннен шетелге түсетін болды. Шетелге түсетіндерді біз дайындамаймыз. Менің нөмірім шықты. Себебі Тұрсынбек Қабатов ол мұғалімді тауып беруді менен сұрады. Ол кісінің телефонын алмай қойған, сондықтан мен телефонымды сол жерде қосып, сол телефонмен сөйлесті ол жерде”, – дейді Жәдігеров.

Алайда директордың бұл жауабына тәуелсіз журналист Гүлбану Әбенова сенбейді. Оның айтуынша, бұл былықтың артында Тұрсынбек Қабатовтың өзі тұр.

“Нұрбек Қанаев деген “140+1” деген білім беру орталығында жұмыс істеген. Ол анық көрініп тұр. Бұрыннан бері соның жарнамасында жүр. Қаншама шәкірттері, қаншама түлектер айтып жатыр жұмыс істеді деп. Математика пәнінен”, – дейді ол.

https://dalanews.kz/news/66615-zhuregimiz-auyryp-qorqyp-otyrmyz-qab?fbclid=IwAR1Goipo9csHMtx4fnk0ycKpxDAB8Rw47bwwtBirokRNPnrVz1NvP00CgPs

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар