Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы жабылады

Dalanews 17 нау. 2020 10:40 783

Елордамыз Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы коронавирусқа байланысты 19 наурыздан бастап жабылатын болды. Қос қаланы жабу турасындағы шешімді Президент жанындағы төтенше жағдайды қамтамасыз ету турасындағы мемлекеттік комиссия қабылдады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Нұр-Сұлтан қаласында бір мезетте коронавирусқа шалдыққан 14 адам анықталғаннан кейін құзырлы орындар осындай шешім қабылдауға барған. Бұған дейін қаланы жабу туралы шешім қабылдауы мүмкін екенін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Диас Ахметшәріп «Қазақстан» арнасына берген түсініктемесінде айтқан болатын.  


Диас Ахметшәріп індет жұқтырғандар «түрлі елдерден келгенін» алға тартты.

– Бірден 14 адамның коронавирус дертіне шалдығуына байланысты қалалық әкімдік арнайы брифинг өткізеді. Дертке шалдыққандар жедел жәрдемге өздері телефон шалып, көмек сұраған, – деген еді Диас Ахметшәріп.

Журналистердің осы жайтқа байланысты «қандай шешім қабылдануы мүмкін?» деген сұрағына министрліктің өкілі:

– «Б» жоспары бойынша жергілікті билік орындары арнайы шешім қабылдауы тиіс. Әкімдіктен біз де жауап күтіп отырмыз. Олардың қаланы карантиге жабуы да мүмкін, – деп ойын ортаға салған болатын.


Карантин кезінде адамдардың қозғалысы, көліктердің кіріп-шығуы шектеледі. Қоғамдық көлік қозғалысы күндізгі уақытта тоқтап немесе шектелуі мүмкін, я болмаса түнде мүлде қатынамайды.

Азық-түлікке жатпайтын тауар базарларын, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сататын нысандарды қоспағанда, ірі ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы уақытша тоқтатылады.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс режимі қайта ұйымдастырылады.

Шектеу кезінде карантин аймағының периметрі белгіленіп, кіріп-шығу пунктері анықталады.

Арнайы емдеу мекемелері үш санат – вирус жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер мен карантинге алынғандар бойынша үздіксіз жұмыс істейді.

Қоғамдық тамақтану орындары "клиентке дейін жеткізу" қағидаты бойынша жаңа жұмыс режиміне ауысады.


Халықтың азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына тәулік сайынғы қажеттілігін анықталады.

Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында індетке шалдыққандардың саны 16-ға жетсе, Алматыда 11 адам арнайы орындарда ем алып жатыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар