Nur-Sultan CUP және Aula Ligasy: елордада қос бірдей бұқаралық шара өтті

Dalanews 20 қыр. 2021 13:48 780

Бүгін астанадағы Отан қорғаушылар алаңы ауданында орналасқан «NS Street Life» көше спортының колизейінде, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған стритболдан «Nur-Sultan CUP» турнирінің финал ойындары мен марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Турнирге ұлдар мен қыздардан құралған 35 команда қатысты.

Стритбол жарысының бірінші кезеңі осы жылдың 19 маусымында Алматы ауданындағы Президенттік саябақта басталған болатын.

Біріншілік ойындары тек демалыс күндері, Нұр-Сұлтан қаласының 4 ауданында белгіленген уақытта «ASHYQ» қосымшасы арқылы өтті.



Ойынға ұлдар мен қыздардан құралған 110 команда қатысты. Төрт ойыншыдан тұратын командалар U-16, U-18 екі санатында жарысты.

Іс-шара соңында жеңімпаздар медальдармен, дипломдармен, кубоктармен және арнайы стритбол формаларымен марапатталды.

...

Дәл осы шарамен қатар Егемендіктің 30 жылдығына орай аула клубтары арасында ұйымдастырылған «Aula Ligasy» футбол турнирі де мәресіне жетті. Қала әкімінің кубогы үшін өткен жарысқа төрт ауданнан 1500-ге жуық бала қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, футболдан «Aula Ligasy» турнирі елордада 19 маусымда басталған болатын. Жарыс қаланың 40 футбол алаңында өтті, оған 135 команда қатысты.


Финалдық ойындар жақында «Астана Арена» стадионында өтті. Турнир қорытындысы бойынша ақтық сынға әр ауданның 8 үздік командасы шықты. Олардың арасында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кубогы сарапқа салынды.



Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев және №8 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Самат Жылқыбаев қатысты.

"Мұндай шараларды дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Өскелең ұрпақтың бойында бұқаралық спортқа деген қызығушылық пен  өзіндік мәдениетті қалыптастыруымыз қажет", – деді өз сөзінде Асхат Оралов.

Байқоңыр ауданының «Baikonur Team» командасы «Aula Ligasy» турнирінің чемпионы атанды. Жүлделі екінші орынды Есіл ауданының «Жағалау» командасы иеленсе, үздік үштікті Есіл ауданының «Сенім» ұжымы түйіндеді.



Турнир барысында үздік ойынымен көзге түскен қатысушылар бірнеше номинация бойынша марапатталды.

Жеңімпаздарға кубоктар, медальдар мен дипломдар, сондай-ақ спорттық форма және жарыс демеушісінің сертификаттары тапсырылды.

Турнир санитарлық нормалар мен карантин талаптарын сақтай отырып өткізілді.

https://youtu.be/OSEGzYmd7Hg

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар