Ноғаев баланың ауыл мен қалада оқуы – оның арманына кедергі келтірмеуі керек екенін айтты

Dalanews 28 қаң. 2023 05:40 1174

Күні кеше Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен мектептердегі білім сапасын және педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыруға бағытталған жобалар туралы кеңес өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайту мақсатында және жалпы білім беру жүйесін дамытуға бағытталған жобаның бірін «Eurasian Center for People Management» компаниясы жүзеге асыруда. Аталған жобаға 23 ауылдық және қалалық мектеп қатысып жатыр.

– Бағдарлама аясында облыстың жалпы білім беретін мектептеріне көшпелі зерттеулер жүргізілді. Соның негізінде менторлық қолдау арқылы мектептердің басқарушы топтарын оқыту жобасы әзірленіп, орындалды.

2025 жылға дейін 23 мектептің даму стратегиясы әзірленеді. Жобаға қатысушылар, соның ішінде ағылшын тілі мұғалімдері оқушыларды өз бетінше жұмыс істеуге үйретіп, ынталандыру, ал математика мұғалімдері «Математика сабағын қалай сәтті өткізуге болады?» деген сұраққа жауап іздеді. Осы ретте олар жаңа көзқараспен: "Математика өзгермейді, мұғалім өзгеруі мүмкін" деген тұжырымға келді, – дейді жоба жетекшісі Әсел Кәкенова.

Ал Жаңаөзен қаласының мектептеріне «Білім-инновация» лицейінің жұмыс тәжірибесі енгізіліп жатыр. Жобаға 6 мектеп, 757 мұғалім қатысады.


Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев өз сөзінде ауыл мен қала мектептерінің мүмкіндіктері бірдей болуы керектігін атап өтті.

– Біз балаларға бірдей білім беруді қамтамасыз етуіміз керек. Қарапайым сөзбен айтқанда, баланың дүниеге келген жері, оның өзін-өзі тануына, армандары мен амбицияларына шектеу болмауы маңызды.

Білім беру процесінде қолданылатын әлемдік деңгейдегі озық жетістіктердің өңірде толыққанды орындалуы керек. Біз, жергілікті атқарушы органның өкілдері ретінде әкімшілік, қаржылық қолдау көрсетуге дайынбыз.

Адами капиталды толықтырып, қоғамның белсенді дамуына ықпал ететін білімді де білікті, ең бастысы ниеті бар жастарды қалыптастыруымыз қажет, – деді Нұрлан Ноғаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар