Нью-Йорктің мемлекеттік мектептерінде оқушылардың генеративті жасанды интеллект құралдарын пайдалануына шектеу қойылып, экран алдында өткізетін уақыты қысқартылмақ, деп хабарлайды dalanews.kz.
АҚШ-тағы ең ірі мектеп округі шамамен 600 мың оқушыға қатысты генеративті жасанды интеллектке мораторий енгізеді. Шектеу мектепалды даярлықтағы балалар мен 8-сыныпқа дейінгі оқушыларға қатысты болады. Оған жасанды интеллект чат-боттары мен генеративті AI бағдарламалары да кіреді.
Сонымен қатар жеке құрылғылардың экраны алдында өткізілетін уақытқа да шектеу қойылады. 3–5 сынып оқушылары үшін бұл уақыт күніне 30 минутпен, ал 6–8 сыныптар үшін 45 минутпен шектеледі.
Билік бұл шешімді технологияны шамадан тыс пайдаланудың балалардың дамуына ықпалына қатысты алаңдаушылықпен түсіндірді.
Дегенмен жоғары сынып оқушылары үшін жасанды интеллектті пайдалануға толық тыйым салынбайды. Оларға AI құралдары пилоттық бағдарламалар аясында қолжетімді болады. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар кейбір оқушыларға да мұндай технологияларды пайдалануға рұқсат беріледі.