NCOC компаниясының бөлім бастығының өлімі: күдікті қамауға алынды

Сағыныш Сардарова 06 мам. 2025 10:17 744

Атырауда NCOC компаниясының менеджерінің өліміне қатысты күдікті қамауға алынды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Атырауда тергеу соты элиталық тұрғын үйде NCOC компаниясының  менеджері Бибігүл Шпанованы қатігездікпен өлдірді деп айыпталған сантехникті тергеу изоляторына қамады.

Марқұмды жақындары жер қойнына тапсырып, ас берілді. 

NCOC компаниясы қызметкердің қазасына байланысты отбасына көңіл айтып, кінәлілер жазаланатынына сенетінін жеткізді.

"Бибігүл – кәсіби әрі талантты басшы. Оның білімі, тәжірибесі мен ісіне адалдығы ешқашан ұмытылмайды. NCOC компаниясы бұл қазаға қайғырып, Бибігүлдің отбасына шын жүректен көңіл айтады. Мемлекеттік органдар бұл сұмдық қылмысты мұқият тергейтініне сенімдіміз. NCOC бұл іске байланысты тиісті органдарға толық қолдау көрсетуге дайын”, - деп мәлімдеді компания.

Қайғылы оқиға

Еске салайық, 29 сәуірде Атырауда өз үйінен 45 жастағы Бибігүл Шпанова өлі табылған болатын. Оның мұнай-газ саласында 20 жылдан аса тәжірибесі бар, NCOC компаниясының бөлім басшысы да болған. Полиция мәліметтері бойынша әйелдің денесінде пышақ жарақаттары анықталған, ал пәтеріндегі сейф ашылған.

Марқұмның туыстары Адам құқықтары бюросына жүгініп, жан-жақты тергеу жүргізуді талап етті. Олар қылмыстың себебі марқұмның кәсіби қызметіне байланысты болуы мүмкін деп есептейді.

Полиция не дейді?

Полиция күдіктіні, яғни 1987 жылы туған ер адамды ұстағанын хабарлады. "Адам өлтіру" бабы (ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заттай айғақтар тәркіленіп, тергеу жүргізіліп жатыр.

Адам құқықтары бюросы Facebook-те жариялаған хабарламаға сүйенсек, Шпанова ірі ұлттық жобаларға, соның ішінде Қашаған кен орнын игеруге байланысты жобаларға қатысқаны айтылған.

"Соталды тергеу барысы Атырау облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында. Әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми дереккөздерге сүйенуге, жалған ақпарат таратудан аулақ болуға шақырамыз", – деді Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі бұған дейін. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар